Жыл соңында «Үздік спорт комментаторы» жүлдесі табысталады
Бүгін, 24 шілдеде Астанада спорт журналистері мен комментаторларының арналған кездесу өтті. Жиын барысында Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхаммед Мәулен қараша айында "Үздік спорт комментаторы" және "Үздік спорт журналисі" сыйлығы табысталатынын айтты, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
"Еуропа чемпионатын, Қазақстан біріншілігінің ойындарын, Еурокубок матчтары мен ұлттық құрама ойындарын жүргізіп жүрген комментаторларға арнап Қазақстан футбол федерациясы "Үздік спорт комментаторы" жүлдесін тағайындады. Бұл жүлде қараша айында табысталады. Бірінші орынды алған спорт комментаторы 2 миллион теңгеге ие болады. Ал екінші орын алған комментатор 1 миллион теңге еншілесе, үшінші орынға 500 мың теңге беріледі. Сондай-ақ түрлі басылымдар мен газеттерде қызмет етіп жүрген спорт журналистер де бар. Қазақстан футбол федерациясы ол әріптестерімізге арнап "Үздік спорт журналисі" жүлдесін тағайындайды. Бірінші орынға 1 миллион теңге, екінші орынға 500 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге табысталады", – деді ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхаммед Мәулен.
Сондай-ақ Ермұхаммед Мәулен бұл марапатқа байланысты ақпарат алдағы уақытта толыққанды жарияланатынын айтты.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов спорт комментаторлары мен журналистері БАҚ саласына қатысты түрлі жүлделерден шет қалып жүргенін, сондықтан осы жүлдені тағайындап жатқанын жеткізді. Ал бұл жүлдені үлестіру, үздіктерді анықтау мақсатында арнайы комиссия тағайындалатынын да мәлімдеді
Сонымен қатар бұл жиынға қатысқан спорт комментаторлары мен журналистері көкейдегі мәселелерін ортаға салып талқылады. Оның ішінде сөз тазалығы, футболдан Қазақстан біріншілігінің сайтындағы статистикалық көрсеткіштерді жаңғырту мәселесі де талқыға түсті.