"Қазақ туына аллергия" немесе Рыбакинаны додадан тайдырған дерт Фото ашық дереккөзден

Елена Рыбакина бұған дейінгі қанша жарысын мерзімінен бұрын аяқтаған?

Кеше, 25 шілдеде теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы әлеуметтік желіде жанкүйерлер пікірі екіге жарылды. Сынағандар да болды, қолдағандар да болды. Осы орайда Dopmedia.kz тілшісі жанкүйерлер пікірін саралап, Рыбакинаның осы уақытқа дейін түрлі себептерге байланысты бас тартқан жарыстарына шолу жасады.

Елена Рыбакинаның Олимпиадаға қатыспайтыны туралы ақпарат шыққан сәтте әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір жазды. Жанкүйерлердің бір бөлігі теннисшінің бұл шешіміне наразылығын білдіріп жатса, екінші тарап денсаулықтың маңызды екенін жеткізіп, Рыбакинаны қолдап жатыр.

«Мемлекетке қатысты жарыстарға қатысқысы жоқ сияқты, жеке өзіне қатысты, ұтысы көп жарыстарды ғана қалайтын сияқты»; «Ол туралы жаза берудің қажеті жоқ. Қазақстанға келгенде оның сылтауы таусылмайды»; «Бронхит емес, бәлкім Қазақстан туына аллергиясы бар шығар»; «Қандай бронхит? Сіздің дәрігерлеріңіз жоқ па? Витаминдер»; «Емделік кетіңіз, бастысы – денсаулық»; «Қазақтар айтпақшы: «Бірінші байлық – денсаулық»; «Ертерек емделіп кетіңіз. Сіздің медальдарыңызды күте тұрамыз»; «Қанша жерден спортпен айналысса да, спортшылар да ауырады», – дейді желі қолданушылары.

Елена Рыбакина тек бұл Олимпиадада ғана жарыс жолын мерзімінен бұрын аяқтамады. Теннисші бұдан бөлек бірқатар турнирде түрлі себептерге байланысты қатыса алмаған болатын.

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жамбас ауруына байланысты Сиднейдегі WTA 500 турнирінен шығып қалған болатын. Бұл туралы Рыбакина:

«Өкінішке қарай, өткен аптадағы матчтардан кейін, содан кейін Сиднейге келгеннен кейін толыққанды қалпыма келе алмадым және аяғым ауырды. Мен турнирді жалғастыра алмайтыныма өкініп тұрмын. Жанкүйерлерге уайымдамаңыздар деп айтқым келеді!», – деді.

Жарыстың жүлде қоры – 799 мың АҚШ доллары.

Өткен жылдың қыркүйек айында қазақстандық теннисші Токиодағы WTA-500 турниріне қатысудан бас тартқан. Бұл туралы ол:

«Осы жылы Токиодағы турнирден бас тартуға мәжбүр болып тұрмын. Мен бұл турнирге қатысқым келді және маған бұл қала ұнайды. Мен өз денсаулығыма мән беруімі керек және өзімнің қалпыма келуім үшін уақыт қажет», – деген болатын.

Жарыстың жүлде қоры – 780 мың АҚШ доллары.

Биылғы жылдың ақпан айында Дубайдағы WTA-1000 турнирінде асқазан-ішек құрылысындағы ауруының салдарынан қазақстандық теннисші жарыс жолын мерзімінен бұрын аяқтады. Турнирдің ширек финалдық матчының алдында Рыбакина осы шешімді қабылдаған. Жарыстың жүлде қоры – 3,2 миллион АҚШ доллары.

2024 жылдың наурыз айында Индиан-Уэллс WTA-1000 турнирінде Елена Рыбакина денсаулығына байланысты додадан шет қалған болатын. Бұл туралы теннисшінің өзі:

«Мен денсаулығына байланысты биылғы жылы Индиан-Уэллс турниріне қатыса алмайтынымды хабарлаймын. Маған жақын адамдар бұл турнир мен үшін қаншалықты маңызды екенін және қайтып оралып, атағымды қорғағым келетінін біледі. Мені қолдағысы келген барлық жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Мен денсаулығымды қайта қалпына келтіріп, демалуды жөн көрдім», – деді.

Жарыстың жүлде қоры – 8,9 миллион АҚШ доллары.

Осы жылдың мамыр айында Римдегі WTA-1000 турнирінде денсаулығына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Жарыстың жүлде қоры – 1 миллион АҚШ долллары. Елена Рыбакина бұл бәсекенің негізгі фавориттерінің бірі саналған.

Биылғы жылдың маусым айының басында Елена Рыбакина Берлиндегі WTA-500 додасында өзін нашар сезінуіне байланысты жарыс жолынан шығып қалды. Спорт мамандарының айтуынша, Рыбакинаны іш ауруы мазалаған. Алайда бұл турнирде ол бәсекенің 1/4 финалдық кезеңге дейін жеткен болатын. Виктория Азаренкоға қарсы ойынның бірінші сетінде ол медициналық үзіліс алып, бұдан кейін алаңға қайта оралмады. Жарыстың жүлде қоры – 802 мың АҚШ доллары.

Сондай-ақ осы жылдың маусым айының соңында Елена Рыбакина Истборндегі WTA-500 турнирінде жарыс кестесінің өзгеруіне байланысты додаға қатысудан бас тартты. Жарыстың жүлде қоры – 922 мың АҚШ доллары.

Елена Рыбакина Қазақстан атынан 2018 жылдан өнер көрсетеді. Сол уақыттан бері қазақстандық теннисші бірнеше турнирге қатысып, жүлдеге таласқан. Ол 2022 жылғы Уимблдон бәсекесінде топ жарған.

Жоғарыдағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазақстандық теннисші бұған дейінгі турнирлерде көбінесе денсаулығына байланысты жарыс жолынан шығып қалған. Париж Олимпиадасында да Елена Рыбакина бронхит ауруына байланысты қатыспайды. Тек жеребе рәсімі өткеннен кейін ғана Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеген Елена Рыбакинаға жанкүйерлер тарапынан сұрақ туындауы да заңды. Бұдан кейін жанкүйерлер арасында оның мәртебесінің төмендеуі де мүмкін. Не де болса, Елена Рыбакинаның тезірек сауығып кетуін тілейміз. Оның тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең беделді теннисшілердің бірі екенін жоққа шығара алмаймыз.

Рыбакина жарыс жолын мерзімінен бұрын аяқтаса да, әйелдер арасында жекелей сында өнер көрсететін тағы бір қазақстандық – Юлия Путинцева бар. Ол қазіргі таңда әлемнің үздік 30 теннисшісінің қатарына енді. Топырақ төсеніште де керемет ойнай біледі. Жүлдеге ілігуге әбден лайық. Ерлер арасында да білікті, тәжірибесі толысқан тенисшілеріміз бар.

Естеріңізге сала кетейік, еліміз өзінің тарихында бірде-бір рет теннистен Олимпиада жүлдесін иелене алмады. Бірақ Қазақстан тарихында теннистен Олимпиаданың алғашқы жүлдесін Парижде еншілеуіміз мүмкін.