Ақтөбелік кәсіпкер Елдос Сметовке 100 жылқы сыйлайды Фото ашық дереккөзден

Олимпиада чемпионын халқы құрметтеп жатыр

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы атанған Елдос Сметовке ақтөбелік кәсіпкер Ануар Маханов 100 жылқы сыйламақ. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды. 

Франция астанасы Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында 60 кг дейін салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Елдос Сметов чемпион атанған болатын. Қазақстандық осы жеңісін ұлықтауға асыққан адамның қарасы мол.

Солардың бірі – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылының азаматы Ануар Маханов. 

Ануар Маханов көптеген қазақ жанкүйері секілді Елдостың жеңісіне ерекше қуанып, чемпионға 100 бас жылқы сыйға тартатынын айтты. Ол Париждегі қазақ батырымен тікелей сөйлесіп, сыйлығын дайындап қойғанын да жеткізген. 

"Елдос – нағыз қазақ батыры. Ол осы алтынға жету үшін өз жастығын сарп етті. Ата-анасының, қалың елдің үмітін ақтап, жарақатына, көптеген қиындыққа қарамастан, еліміздің байрағын биіктетті. Бізде толып жатқан Олимпиада чемпионы жоқ, сондықтан Елдос батырымыз қандай құрметке де лайықты. Өзім ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, 100 жылқы тарту етемін", – дейді асыл тұқымды жылқы асыраумен айналысатын кәсіпкер Ануар Ақмырзаұлы. 

Айта кетейік, Елдос Сметов дзюдодан барлық әлемдік атақты иеленген жалғыз қазақстандық спортшы. Ол әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Олимпиаданың күміс, қола және алтын жүлдегері атанған.

    Көп оқылды: