Өзбекстанның қос спортшысы бір күнде екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды olympic.uz. Суретте: таеквондошы Улугбек Рашитов

Қос бірдей спортшысы Олимп шыңын екі мәрте бағындырды

Таеквондодан Өзбекстан құрамасының мүшесі Улугбек Рашитов пен боксшы Хасанбой Дусматов Парижде (Франция) өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарының финалында топ жарып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды, деп Dopmedia.kz хабарлайды.

22 жастағы Улугбек Рашитов финалда иорданиялық Заид Каримге қарсы кездесу өткізіп, 2:0 (5:4, 3:1) есебімен басым түсті. 

Осылайша, таеквондошы Улугбек Рашитов Өзбекстан тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы болды. Ол 2021 жылы Токиода өткен додада дәл осы санатта алтын алған еншілеген.

Көп ұзамай Рашитовтың жетістігін 2016 жылы өткен Рио-де-Жанейрода Олимпиадасында топ жарған Хасанбой Дусматов қайталады. Өзбек боксшысы 51 кг дейінгі салмақ дәрежесінде финалда франциялық Билал Беннамды 5:0 есебімен жеңді.

Қазір Өзбекстан құрамасының еншісінде Париж Олимпиадасының үш алтыны бар. Бұған дейін дзюдошы Диера Келдиерова Өзбекстан тарихында Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш әйел болған. 

Улугбек Рашитов пен Хасанбой Дусматовтың Париждегі жеңісін тағы бір өзбек боксшысы Баходир Жалолов қайталауы мүмкін. Токио Олимпиадасының чемпионы бұл Олимпиадада да финалдық кезеңде бақ сынайды. 

Одан бөлек, Өзбекстанның тағы үш боксшысы Олимпиада ойындарының ақтық кезеңіне жолдама алды. Олар: Абдумалик Холоков, Асадхужа Муйдинхужаев, Лазизбек Муллажонов. 

    Көп оқылды: