Жетінші Олимпиадасына аттанған журналист Руслан Меделбек сұқбат берді
Франция астанасы Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бір күн қалды. Бұл байрақты бәсекеде ел намысын 80 спортшы қорғайды. Спорттағы сайыстан бөлек, ақпарат майданынан үздіксіз хабар тарататын қазақ журналистері де Парижге аттанды. Олардың қатарында «Азаттық» радиосының журналисі Руслан Меделбек те бар. Руслан Меделбек биыл жетінші Олимпиадасына аттанып, хабар таратпақ. Осы орайда Dopmedia.kz тілшісі Руслан Меделбекпен сұқбаттасып, алдағы Олимпиада ойындарына болжамын, ойын сұрады.
– Биыл жетінші мәрте Олимпиада ойындарына бара жатырсыз. Байрақты бәсеке қарсаңындағы көңіл күйіңізді айтып берсеңіз.
– Жетінші Олимпиадаға журналист ретінде бару – үлкен жауапкершілік. Мен үшін Бейжің және Токио Олимпиадалары өте қиын болған. Пандемия уақытында Токиода карантинде отыру, күнде тест тапсыру керек болды. Ал Бейжіңде жүрген кезде біз мүлдем қонақ үйден шықпайтынбыз. Спорт жарысы болатын кешенге ғана баратынбыз, ал қалаға мүледм шықпадық. Қала халқымен байланыса алмадық. Таңертең міндетті түрде тест тапсырып шығуың керек. Егер тест тапсырмасаң, сені ешқайда кіргізбейді. Сол себепті бұл Олимпиадалар өте қиын болған.
Ал Париж Олимпиадасында барлығы ашық, тиісінше халық та көп болады. Спортшылар алдағы жарысындағы нәтижесін болжай алмайтын секілді, журналистер де алдағы оқиғалардың қалай өрбитінін білмейді. Егер медаль алады деген спортшыларымыз тұғырдың биік сатысынан көріне алмаса, ол да біздің контентімізге өз әсерін тигізеді. Сондықтан қазіргі уақытта көңіл күйімізді нақты айта алмаймыз. Көңіл күй екіұдай. Бүгін қалай болады, ертең қалай болады дегендей, бізде қазір күту режиміндегі көңіл күй болып тұр.
Бұдан кейінгі мәселе – қауіпсіздік. Қазіргі уақытта Парижге адамдар ағылып жатыр. Париж деген үлкен қала. Айналаңа қарап сақтанып жүрмесең болмайды. Бейжің мен Токиода жүрген кезде қауіпсіздікке мүлде алаңдамадық. Шектеу болғаннан кейін, қалаға шыға бермегеннен кейін, жайбарақат көңіл күй болған. Сондықтан қазір Парижде қауіпсіздікке де алаңдаушылық бар.
– Токио Олимпиадасында теннис, дзюдо, бокс секілді спорт түрілерінен жылдам әрі жүйелі ақпарт жеткізіп отырдыңыз. Ал биылғы Олимпиадада көбінесе қандай спорт түрінен ақпарат таратасыз?
– Дзюдо, бокс, күрес, брейк-данс, нысана көздеу, таеквондо секілді спорт түрлерінен хабар таратамын. Бірақ барлық спорт түрін қамтуға тырысамын. Мысалы, ертең дзюдоға барамын. Алдағы күндері баратын жарыстарымыздың кестесін жоспарлаймыз. Көбіне ел қоржынына жүлде салатын спорт түрлеріне барып, хабар таратуға тырысамын.
– Түрлі спорт мамандары биылғы Олимпиада ойындарына сан алуан болжам жасап жатыр. Сіздің ойыңызша, биылғы додада қай спортшы алтынға қол жеткізеді?
– Болжам жасау қиын. Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін топ жаратын спортшыны атау оңай емес. Меніңше, бұл Олимпиадада үш спортшы алтын алса, осының өзі үлкен жетістік болады. Бір елден үш Олимпиада чемпионы шықты дегеннің өзі үлкен мәртебе. Қазіргі уақытта бізге үлкен көлемдегі қола мен күмістен гөрі үш алтынның салмағы басым. Бұл халыққа жақсы көңіл күй сыйлайды. Яғни, бұл додада медальдың саны емес, сапасы маңызды. Бұл нәрсе елге үлкен серпіліс береді.
– Бұл Олимпиадада бокс басты назарда болатыны сөзсіз. Өзбекстанның қос бірдей боксшысы екі дүркін Олимпиада чемпионы болсам дейді. Басқа елдің боксшылары да осал емес. Боксшыларымыз жеңіс тұғырына көтеріле ала ма?
– Кеше бокстан жеребе тартылды. Сол жеребеге қарап, болжап жасау қиынырақ болып тұр. Екі-үш боксшыға жеребе сәтті түскен секілді. Біздің алтын күтетініміз де осы боксшылар.
Боксшылар Олимпиадаға қандай дайындықпен келгенін, қандай формада келгенін бастапқы жекпе-жектен аңғарамыз және содан кейін барып болжам жасай аламыз. Меніңше, бұл жолы боксшылар алтын алуы қажет. Алдыңғы Токио Олимпиадасы мен Азия ойындарында қазақ боксшылары сәтсіздікке ұшыраған болатын. Сондықтан сол олқылықтың орнын толтыру үшін алтын алғаны маңызды.
– Біздің әр Олимпиада сайын жүлде күтетін спорт түрлері – бокс, дзюдо, күрес. Бірақ та ату спорты, семсерлесу, спорттық гимнастикадан өнер көрсететін спортшыларымыз да жүлдеден үміткер. Сенсация орын ала ма?
– Олимпиада деген сенсацияға толы жарыс. Бір спортшы жанып кетеді, фаворит спортшыларымыз жарыс жолынан шығып қалады.
Әдетте Олимпиада ойындарында Қазақстаннан күтпеген чемпиондар шығады. 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Дмитрий Баландин, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Александр Винокуров, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев, 2004 жылғы Афина Олимпиадасында Бақтияр Артаев, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Александр Парыгин секілді спортшылар тосыннан топ жарған. Париж Олимпиадасында да сол дәстүр жалғасса деп сенемін.
Мен спорттық гимнастикадан жүлде күтемін. Қазақстан бұған дейінгі Олимпиадаларда спорттық гимнастикадан медаль алып көрмеген. Милад Карими мен Нариман Құрбановқа сенемін. Сондай-ақ нысана көздеуден медаль күтемін. Күміс немесе қола алсақ та, бұл үлкен жетістік болары сөзсіз.
– Кеше Елена Рыбакина Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді. Спортшының денсауылығына байланысты дәрігерлер рұқсат бермепті. Кейбірі неге соңына дейін бармайды деп сынап жатса, кейбірі денсаулығына алаңдаушылық білдіруде. Өзіңіз бұл туралы нендей пікір білдіресіз?
– Елена Рыбакинаның Олимпиадаға қатыса алмайтыны жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырауы сөзсіз. Сонымен қатар ол осыған дейін Қазақстан құрамасы сапында бірнеше жарысқа қатыса алмаған. Билли Джин Кинг кубогы аясында Жапонияға қарсы матчты да өткізіп алған болатын. Сол уақытта Қазақстан теннис федерациясы Елена Рыбакинаның Олимпиадаға дайындалып жатқанын айтты.
Осы жылы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты бірнеше жарыста өнер көрсете алмады. Бірақ бұл Олимпиадада жеребе тартылып болғаннан кейін теннисшінің бас тартқанын көптеген жанкүйер сынап жатыр. Егер Олимпиада басталмай тұрып, жеребе тартылмай жатып, Елена Рыбакина жарысқа қатыса алмайтынын айтса, дәл мұндай шу болмас еді.
Жанкүйерлердің сынын түсінуге болады. Алдағы уақытта Канадада теннистен үлкен турнир өтеді. Рыбакина бұл турнирге қатысушылардың тізімінде тұр. Алдағы уақытта бұл жағдайдың қалай өрбитінін көреміз. Жалпы, Рыбакинаның бұл Олимпиадаға қатыспауы оның жанкүйерлер арасындағы беделінің төмендеуіне әсер етеді деп ойлаймын.
– Сұқбат беріп, тұшымды әңгіме айтқаныңызға көп рақмет!