Олимпиададағы сәтсіздік: Айтжанов бастаған 10 бапкер қызметінен босатылды Фото ашық дереккөзден. Суретте: Мырзағали Айтжанов

Бокстан Қазақстан құрамасының бапкерлері жұмыстарынан кетті

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасындағы сәтсіздігінен кейін қызметінен босатылды, деп Dopmedia.kz Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер орын алды. Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізілді. Бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді.

Қазақстан бокс федерациясының шешімі ҚР дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданды. 

Осылайша, келесі өзгерістер жайында хабарлаймыз:

1. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды.

2. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 

Жаңа бапкерлік құрам кейінірек таныстырылады", – делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы сапынан Париж Олимпиадасына 7 боксшы барып, тек Нұрбек Оралбай ғана күміс медаль еншілеген болатын.