ҚФФ арнайы мәлімдеме жасады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне байланысты әлеуметтік желіде жарияланған видеоға Қазақстан футбол федерациясы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Бұл оқиға 13 қазанда Алматыда өткен Қазақстан – Словения матчынан кейінгі баспасөз мәслихатында болған. Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске бас бапкер: "Сен французша сөйлеп отырсың ба?" - деп тіл қатқан.
"Негізі бұл сұрақты Францияның "ПСЖ" клубының формасын киіп алған қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын.
Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз", - деп жазды ҚФФ Instagram желісіндегі ресми парақшасында.
Айта кетейік, 13 қазанда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 4-туры аясында Словенияға қарсы кездесу өткізді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матчта Қазақстан құрамасы 0:1 есебімен жеңіліс тапты.
-
14 қараша, 2024
Трамптың саяси триумфы: жаңа үкіметтің жоспары қандай?