Елдос Сметов балуан Демеу Жадыраев туралы жылы пікір білдірді
Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов 34 жасында грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдесін еншілеген Демеу Жадыраевтан мотивация алғанын жеткізді, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
Журналист Аслан Қаженов дзюдошы Елдос Сметовтен неліктен Демеу Жадыраевқа тәнті болатынын сұрады.
«Демеу бауырымыздың Олимпиадада екінші орын алғанын бәріміз көрдік. Енді күресті осы 31 жасымызда аяқтайтын шығармыз, шал болдық деп ойладық. «Шал кет» деген сөздер де айтылды. Сондай мәселемен миымыз уланып қалған еді. Бірақ Демеу жас деген жай ғана цифрлардың ауысуы екенін дәлелдеп, абыройымызды көтерді, көк туымызды желбіретті. Әнұран ойнамаса да, көк туымыз желбіреп тұрды. Бұл бауырымыздың жеңісін көргенде «мен әлі жас екенмін ғой деген» ой туды. Демеу маған мотивация беріп, күресті әрі қарай жалғастыруыма себеп болды», – деді Елдос Сметов.