16 жастағы Шерзат Болаттың қайғылы қазасына қатысты іс қоғам назарында тұр. Жасөспірім төбелестен кейін ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Құзырлы органдар тарапынан бірнеше адам жауапқа тартылғанымен, марқұмның әпкесі Бақыт Реймова іске қатысы бар тағы екі қыздың бостандықта жүргеніне алаңдаушылық білдіріп, оларды да жауапкершілікке тартуды талап етуде.
Бақыт Реймова осы іске қатысты үндеуін құзырлы органдарға жолдап, тергеу барысында бұрмалаушылық болмауын сұрады. Оның айтуынша, бауыры бұзақылардың қолынан қаза тапқан. Реймова бұл оқиғаны "айуандықпен жасалған өлім" деп сипаттап, бауырының анасының қолында жан тапсырғанын айтты. Ол осы қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен, сондай-ақ басқа да жауапты тұлғалардан әділдік талап етуде.
Реймованың айтуынша, қылмысқа қатысы бар тағы екі қыз іс барысында еркін жүр. Олардың бостандықта тайраңдап жүргеніне наразы болған әпкесі істің Қонаев қаласына ауысқанын атап өтті. Іс бойынша қазіргі уақытта тек жеті адам ұсталған, алайда Бақыт Реймова екі қызды қосқанда жалпы 13 адамның жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Шерзат Болаттың қайғылы өлімі тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның әділеттілікке деген талпынысын оятты. Бақыт Реймованың үндеуі қылмыстың толық ашылуын және оған қатысы бар барлық тұлғалардың жауапқа тартылуын талап етеді. Қоғам бұл істің бұрмаланбай, әділ тергелетініне үміт артып отыр.
Айта кетейік, 16 жасар баланы өлтірген 7 күдікті екі айға қамалғаны туралы жазған болатынбыз.
-
6 қараша, 2024
Тойымыз 5 адаммен, құдалығымыз 6 адаммен өтті – Тамара Асар