Ламин Ямал Франция қақпасына гол соқты
Футболдан Испания құрамасының ойыншысы Ламин Ямал 2024 жылғы Еуропа чемпионатында Франция құрамасына қарсы ойында рекорд жаңартты. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Испания мен Франция құрамалары біріншіліктің жартылай финалында жолықты. Матчтың 9-минутында Франция ұлттық құрамасының ойыншысы Коло Муани гол соғады. Ал ойынның 21-минутында Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жас футболшы Ламин Ямал гол соғып, есепті теңестіреді.
Шабуылшы айып алаңының сыртында допты қабылдап, сол аяғымен алыс бұрышқа соққы жасады. Доп бағанаға тиіп барып қақпа төрінен табылды. Осылайша ол Еуропа чемпионаттары тарихындағы гол соққан ең жас ойыншы атанды. Оның жасы 16-да.
Бұған дейінгі бұл жетістік Еуро-2004 турнирінде 18 жасында көзге түскен швейцариялық Йохан Вонлантенге тиесілі болды.
Биылғы турнирдің басында Ямал Еуропа біріншілігінде доп теуіп, нәтижелі пас берген ең жас футболшы болды.