Ол Париж Олимпиадасы кезінде тіпті ызасы келген
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Қызық Times бағдарламасында қонақта болды. Бағдарлама барысында ол Олимпиадада неліктен қатты намыстанғанын айты, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
"Осы Олимпиадада ағылшын тілін білмеуім қатты намысыма тиді. Енді осы бір дүниені қолға алсам деп отырмын.
Такатодан бөлек, бүкіл әлемде қарсыластарым, достарым бар. Олармен тілдесейін десем, ойымды емін-еркін жеткізе алмаймын. Осыған дейін оларды түсіне алмайтынмын. Соның өзінде бұл мәселе мені аса бір алаңдатпайтын.
Олимпиада ойындарын ұтқан соң кешке гала-ас ұйымдастырылып, осы жиынға басшылық пен Олимпиада чемпиондары жиналды. Бәрі келіп құттықтап жатыр. "Congratulations" (құттықтаймын) деген жерін ғана түсініп, "thank you" (рақмет) деп қоямын. Сөйлеп жатыр, бірдеңелерді айтып жатыр, мен қарап тұрдым да, түсінбегеніме қатты намыстандым. Арасында "legend" дегенді түсініп, оған да рақметімді айтамын, болды, басқа ештеңе түсінбеймін. Түр жасап алып, рахметімді жеткіземін, бірақ не айтып тұрғанын мүлде түсініп тұрған жоқпын. Мақтап жатқанын ғана сезіп тұрмын. Сол кезде талай жарысқа бардым, талай елде болдым, әлемді ұттым, үш Олимпиадада жүлде алдым, неге осы уақытқа дейін үйреніп, жаттап алмағанмын деп өзіме ызам келді. Енді алдыма бірінші қойған мақсатым – ағылшын тілін үйрену", – деді Елдос Сметов.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасы аясында дзюдодан 60 кг дейін салмақта сынға түскен Елдос Сметов чемпион атанған болатын.
-
9 қазан, 2024
Спортшы Айша Уәлишанның құлдықта адам ұстағаны рас па?