Жаңалықтар

Шахматшы қыздарымызға не болған: Бибісара мен Жансая дауы неден басталды? (фото)

Қос шахматшының бір-біріне өкпесі бар секілді

Кеше, 25 қыркүйекте қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Instagram желісінде өз жазылушыларының сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

Сұрақтардың бірі екі танымал спортшы – Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасованың Шахмат олимпиадасында неге жоқ екендігіне қатысты болды.

«Динара мен Жансаяның болмауы командаға қалай әсер етті немесе жас ойыншыларды ынталандырды ма?» деген сұраққа 20 жастағы Бибісара әзіл аралас жауап берді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Жансая Әбдімәліктің өз жазылушылары да оның Олимпиадаға қатыспау себебін сұраған болатын. Шахматшының айтуынша, бұл шешімін Қытайдағы командалық чемпионаттан кейін қабылдаған және «оның себебі көп бар». Жансая Әбдімәлік болашақта ұлттық құрамаға қосылса, «басқа ережелер мен келісімдер бойынша» ойнайтынын атап өтті.

Бұған дейін Бибісара Асаубаева Қазақстан құрамасының жас әрі болашағы зор екенін айтып, Шахмат олимпиадасында қол жеткізген тарихи «күміс» медаль үшін жанкүйерлерге алғысын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Шахмат олимпиадасы екі жылда бір рет өтеді. 2024 жылғы турнир Венгрияның Будапешт қаласында өтті. Финалдық турда Қазақстанның әйелдер құрамасы АҚШ командасымен тең түсті (2-2) және 18 ұпай жинап, Үндістан шахматшыларынан кейін екінші орынға ие болды.