13 қазан күні тарихи Бостон марафоны басталады
2013 жылдың 15-ші сәуірі күні Бостон марафонында орын алған жарылыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Осыдан он шақты жыл бұрын мәре сызығына жақын жерде, марафонның соңғы кезеңінде қатысушыларға террористік шабуыл жасалды. Екі жарылыс нәтижесінде үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жарақат алды. Биыл өтетін тарихи марафон 13-ші қазан күні басталады, - деп хабарлайды Dopmedia.kz тілшісі.
Бостон марафоны жыл сайын өтетін халықаралық марафон. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған спортшы келіп қатысады. Шабуыл марафонның шарықтау сәтінде, спортшылардың көпшілігі мәреге жеткен уақытында ұйымдастырылды. Жарылғыш заттардың іске қосылу уақыт аралығы 12 секундты қамтыды.
Бостон марафонындағы жарылысқа Қазақстаннан шыққан екі студенттің жанама қатысы болды. Екі қазақстандық студент — Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов — жарылысты ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаевтың достары болған және ол ұсталғаннан кейін тергеуге кедергі келтірді деген айыппен қамауға алынған.
Олардың айыптары жарылыстан кейін Джохар Царнаевтың бөлмесінен ноутбук пен рюкзак секілді жеке заттарын адам білмейтін жерге тығып қоюымен байланысты болды. Бұл әрекеттер қылмыстық іс бойынша Царнаевтың жеке заттарын жасыруға тырысқандық деп қабылданды. Кейін олар сот алдында жауап беріп, әртүрлі мерзімге сотталды.
Диас Қадырбаев 2014 жылы кінәсін мойындап, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, Азамат Тәжаяқов 2015 жылы 3,5 жылға сотталды.
Бұл трагедия спорт әлемі мен оның қауіпсіздік шараларының жаңа деңгейге көтерілуіне алып келді. Ірі спорттық іс-шараларда қауіпсіздік шаралары күшейтілді, ал марафонға қатысушылар мен көрермендер де жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүр болды. Бостон қаласы бұл оқиғадан кейін «Boston Strong» ұранымен рухты қайсарлық пен бірліктің символына айналды.
Бостон марафоны-2013 тек спорт тарихында ғана емес, сондай-ақ адамдардың бір-біріне қолдау көрсетуі мен қайсарлықтың үлгісі ретінде есте қалды.