Жеңіске жетелейтін форма – министр кеңесшісі нені меңзеді? Kazinform

Диас Ахметшәріп Олимпиадаға арналған форманы мақтады.

Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп Кazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, Париж Олимпиадасына арнайы тігілген форма туралы айтып берді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Алғаш болып арнайы формалар боксшылар, дзюдошылар және жеңіл атлеттерге табысталған. Спортшылардың бірінші легі 20 шілдеде Парижге жол жүреді. Оған дейін барлық спортшы арнайы формамен қамтамасыз етілетінін атап өтті.

«Әрине, бірден ұнатты, көңілдерінен шықты. Себебі – форма өте сапалы материалдан, спортшыларымызға ыңғайлы етіліп тігілген. Олимпиада ойындары тұсында Париж қаласы өте ыстық болуы мүмкін. Сол себепті біз киімнің матасына ерекше назар аудардық. Ыстықта ауа өтетіндей, терлегенде денеге жабысып, жүріп-тұрғанда тырысып қалмайтындай өте жеңіл, денеге барынша ыңғайлы матаны таңдадық.

Дизайынын да осыған дейін таныстырғанда өздеріңіз көрдіңіздер. Тігісі де өте сапалы шықты. Содан да болар форманы алған спортшыларымыз өте жоғары деңгейде бағалап, разылықтарын білдірді.

Тіпті, «мына форманы киіп барып, жүлдесіз келу мүмкін емес» деп айтып жатыр. Лайым, солай болғай, жетістігіміз көп болсын деп тілей берейік», – дейді Диас Ахметшәріп.

Айта кетелік, көпшілік тағатсыздана күткен Париждегі Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
 

 

 

    Көп оқылды: