Сәкен Майғазиев Шерзаттың өліміне кінәлілерді жазалауды талап етті
“Музарт” тобының әншісі Сәкен Майғазиев Талғар қаласындағы төбелестен кейін қайтыс болған 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдіріп, отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Dopmedia.kz Stan.kz ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Сондай-ақ өнер иесі Қарағанды қаласындағы бес баланың өртеніп кеткеніне де қайғырды.
“Құдайдан қорықпағаннан қорық. Жығылғанға жұдырық. Қыршын кеткен Шерзаттың өлімі мен бүгін түнде орын алған өрт оқиғасы, кешегі Жетіқарадағы бес бірдей баланың өртке оранып бақилық болғаны баршамыздың қабырғамызға қатты батып жатыр. Бүгін түнде болған өрт неден шыққанын құзырлы органдар анықтай жатар. Егер шындығында қасақана қастандықпен қолдан қойылған от болса, нағыз надандық, мейірімсіздік, имансыздық осы шығар. Онсыз да қара жамылып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп от қою қандай қатыгездің қарекеті екен?! Жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе. Адамның жасаған әрбір амалы өзіне айналып келетінін (бумеранг) білмеу қандай қараңғылық?!”, - деп жазды әнші.
Одан кейін эстрада жұлдызы құзырлы органдардың әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.
“Тынышы кеткен Талғардағы оқиғаға байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Бас прокуратураның басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылғанын, кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатынын хабарлады. Әділ шешім шығатына сенім артамыз. Шерзаттың және бес баланың жаны жәннатта болсын!”, - деп күйінді өнер иесі.