Оңтүстік Корея Қазақстанға үлкен талап қойды
Оңтүстік Корея Қазақстанға 15 мың заңсыз мигрантын қайтарып алу жолын қарастыруды талап етті. Бұл туралы 14 қазанда Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп Dopmedia.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Заңды еңбекпен қамсыздандыру жөніндегі келісім бойынша біздің тарап құжаттарға қол қойып, СІМ арқылы Оңтүстік Кореяға жолдап қойды. Енді оны сол елдің мемлекеттік органдары қарайды. Олар бізге үш шарт қойып отыр. Біріншіден, біздің Оңтүстік Кореядағы елшілігімізде жұмысқа орналастыру жөніндегі атташе лауазымы құрылуы керек. Екіншіден, онда заңсыз жүрген 15 мыңға жуық отандасымызды корей тарапы бізден елге қайтару жолдарын табуды талап етті", - деді министр.
Үшінші шарт – Кореяға жұмысқа баратын қазақстандықтар сертификаттаудан өтуі тиіс екен.
"Біз үш өңірде арнайы орталықтар дайындадық. Корея өкілдері Алматыға келіп, ол орталықты аралап көрді. Біздің тарапымыздан барлық шарт орындалды. Енді сәл күтсек болғаны. Бұл ретте заңсыз еңбек мигранттарына реадмиссия рәсімі қолданылатын болады. Бұл - қазірдің өзінде СІМ қарауындағы мәселе. Егер олар өз еркімен билет сатып алып, Отанына оралса, олар ешқандай әкімшілік немесе құқықтық жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ, егер олар бұлай жасамаса, заңды түрде жауапкершілікке тартылады. Жазаға қатысты менде нақты мәліметтер жоқ", деп түсіндірді Жақыпова.
-
14 қараша, 2024
Трамптың саяси триумфы: жаңа үкіметтің жоспары қандай?