Талқылауға ҚР Турзим және мәдениет вице-министрі, Қазақстан халық партиясының депутаттары, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратура өкілдері, сонымен қатар еліміздің спорт федерациялары қатысты.
16 қазан күні Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Кәсіпқой спорттағы өзекті мәселелер: әдеп және адал ойын. Спорттағы сыбайлас жемқорлықпен күресу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Қазақстан футбол федерациясының тарапынан басқосуға президент Әділет Барменқұлов пен бас хатшы Андрей Дудин болды.
Жиынға қатысушылар Қазақстандағы спортты дамытуға қатысты шешуші сұрақтарды талқылап, адал ойын қағидаларын сақтай отыра, әдеп сұрақтарына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту қажет екеніне тоқталды.
Өзекті мәселелердің ұлттық жарыстармен қатар, халықаралық турнирлерде маңызды екені айтылды. Сондай-ақ жұмыстардың атқарылуы мемлекет, спорт ұйымдары және азаматтық қоғамның ортақ күшін талап етіледі.
Әділет Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясының ФИФА және УЕФА-мен қарым-қатынасын үлгі етіп, Қазақстанда осыған ұқсас жолды таңдауды ұсынды.
«ФИФА және УЕФА үшін арнайы бағдарламалар мен жобаларды бірігіп дайындаймыз. Сарапшылардың бағаларын толық алып, жобаларымызды қорғаймыз. Сарапшылардың оң бағасынан кейін жобаны қаржыландыру және іске асыру жұмыстары басталады. Жұмыс басталған сәттен-ақ сарапшылар комиссиясы бақылауды толықтай қолға алады және нәтижеге жеткенге дейін бірге жүреді. Мен де осы жолды таңдауды ұсынамын. ФИФА және УЕФА әлемдегі 211 елмен жұмыс істейді. Біз де 20 аймақты іске асыра аламыз деп санаймын»
ҚФФ президенті елімізде осыған ұқсас сарапшылар комиссиясын құруды ұсынды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдар (турзим және спорт басқармасы), ҚФФ, ҚКФЛ, бақылау-ревизиялық органдары мен қоғамдық бақылау ұйымдары кіреді. Сонымен қатар, Федерция басшысы комиссияның жұмысын реттейтін нақты құжаттың және қаржыландыру үшін берілетін өтініштің нақты үлгісі бар екенін жеткізді.
«Егер біз Қазақстан футбол федерациясының ФИФА және УЕФА-мен жұмыс үлгісін жүйеге салып, енгізе алсақ, онда айтарлықтай табыстарға жете аламыз. Шығындардың рентабельділгі жөнінде айту өте маңызды. Жұмсалған әр теңгенің тиімділігі болуы шарт. Біз мұның барлығын білеміз және тәжірибеде көріп отырмыз», - деп айтты Барменқұлов.
Дөңгелек үстелде ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов журналистердің сауалдарына да жауап берді. Оның ішінде легионерлерге қойылған шектеу мен УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионына өткен Қазақстан ұлттық құрамасының нәтижелері болды. Лимитке қойылған шектеу туралы да түсіндіріп өтті:
«2018 жылы лимитке шектеу алынып тасталды. Біз тек оның ұғымын өзгерттік, өйткені ЕАЭО елдерінің ойыншылары бұрын легионер болып саналмайтын. Әр клубтағы қазақстандық 13 ойыншы бұрынғыдай қалды. Қазіргі таңда чемпионатта 5-6 футбол клубы жүлделі орынға талас жүргзіп жатыр. Қазақстандық футболшылардың ойын уақыты да ұлғайды. Бәсекелестік артты, мұның барлығы дұрыс менеджменттің арқасы деп санаймын».
Сонымен қатар Әділет Барменқұлов ұлттық құраманың жеңілістеріне қатысты да жауап берді:
«С лигасындағы жеңіс жеткенкездесулерді Словения мен Аустрияға қарсы ойындарымен салыстыруға келмейді. Біз ойын үлгісін өзгертіп жатырмыз. Өйткені ескі философия шығар шыңына шықты. Мұның барлығы Грекиямен өткен ойында байқалды. Әрі қарай өсім шабуыл арқылы болмақ және осы бағытта жұмыстар басталды. Арсен Венгер жетекшілік ететін U-15 ұлттық академиясын ашып, бірыңғай дайындық стандартын енгіздік. Біздің жасөспірімдер, жастар, ұлттық құрамаларымыз 4-2-3-1 жүйесінде ойнайды, бұл біздің жаңа шабуылдаушы ойын үлгісі».
Сонымен қатар Барменқұлов ұзақмерзімді бағытта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«1500 баланың арасынан үздік ойыншыларды іріктеп алдық. Ал жастар құрамасы Шотландияны жеңіп, ойында прогресс болып жатқанын көрсетті. Қазақ футболының стереотипін өзгертіп жатырмыз. Эксперименттер керек, Черчесов те селекция бағытында жақсы жұмыстар жүргізіп жатыр. Әрине, В дивизионында бәсекелестік таныту қиын, алайда мұның барлығы уақыт еншісінде деп санаймын. Біз инфрақұрылым мен академияны дамытып, білім беру және әдістеме сұрақтарымен айналысып жатырмыз. Екі жылдың ішінде барлығын түбегейлі өзгерту мүмкін емес, алайда айтарлықтай нәтижелер бар».
Дөңгелек үстелде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы подполковнигі Нұрмұхаммед Тәжіғұловтің баяндамасы тыңдалды. Талқылау барысында 2023 жылдың желтоқсаны - 2024 жылдың қаңтары аралығында Антикордың Федерация және Қазақстан кәсіпқой футбол лигасына тексеру жүргізгені айтылды. Барлық анықталған тәуекелдер мен ұсыныстар тек кәсіпқой футбол клубтарын қаржыландыруға қатысты. Ұсыныстар бұл клубтардың қаражатты пайдалануына бақылауды күшейтуге бағытталған, ал Федерацияның өзі мемлекеттік бюджеттен қаржы алмайды.
Жиын қорытындысы бойынша спорт саласында заңнаманы жетілдіру ұсыныстары нақтыланып, спорт саласындағы сыбайлас-жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін әрі қарай нығайту қадамдары анықталды.
-
14 қараша, 2024
Трамптың саяси триумфы: жаңа үкіметтің жоспары қандай?