"Денсаулығыңнан айырыласың": спортшы 23 жастағы жігітті құлдықта ұстаған Фото: ашық дереккөз

Танымал спортшы 23 жастағы жігітті құлдықта ұстаған

Әйелдер күресі бойынша Азия ойындарының қола жүлдегері Айша Уалишан күйеуімен бірге 23 жастағы жігітті құлдықта ұстады деген күдікке ілінді, деп Dopmedia.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы 23 жастағы жігіт Мұқан Негматов журналистерге айтып берген. Оқиға 2023 жылы басталған. Спортшының күйеуі Мұқанмен танысып, жалақысы жақсы жұмыс барын айтқан. 

"Ол маған 500-600 мың теңге төлейтін жұмыс барын, егер келіссем жолға билетті де төлеп беретінін айтты. Осылайша құжаттарымды жинап, Түркияға ұшуға дайындалып жүрдім. 28 қыркүйекте Алматыдан Астанаға келдім. Сосын бір ауылға бардық, ол жерге бара жатқанымды білмедім. Маған Әлфараби деген жігітке көмектесетінімді, шөп кесетінімді айтты. Арада бір апта өтсе де әлі жұмысты бастамадық. "Қашан кірісеміз?" деп сұрадым. Ол ішіп алып, досымен келіп, "южан, ежик, кетпейсің бұл жерден! Кетсең ақшаң мен денсаулығыңнан айырыласың" деді", - деп еске алды Мұқан.   

Осылайша жігіт құлдыққа түскенін түсініп, қашпақ болады. Бірақ Мұқан қашып кете алмаған, себебі оны артынан көлікпен қуып келген. Мұнымен қоймай оны ұрып, "3 миллион теңге қарызбын" деп қолхат жаздырып алған. Артынша оны "өз еркіммен жұмыс істеп жүрмін" деп камераға айтқызған. 

Мұқан үйдің шаруасынан бөлек "басшысынан" жүйелі түрде соққы жеп жүрген. Мұқанның сөзінше,оны күрекпен де, айырмен де ұрған.  

Мұқан жоқ болған уақытта оны туыстары ауырып жүр деп ойлаған. Себебі оны құлдықта ұстаған адамдар Мұқанның еміне деп ақша жинап жүрген. Бірақ ақшаның бәрі онлайн-казиноларға жұмсалған. Одан бөлек, 23 жастағы жігіттің атына көптеген микронесие алынған. 

Мұқан күндердің бір күнінде Диас деген жігіттің телефонын алып, қашып үлгерген. 

"Мен Диас деген аңғал жігіттің телефонын алып, ағам Асқарға хабарластым. Ағам "қашып кет" деп Диасқа 10 мың теңге жіберген. Диас ақшаны шығарып, қой қора жаққа қарай әкеліп берді.

Мен қашып кеткеніммен ауылдан алыс кете алмадым. Екі күн бойы жаңбыр құйып тұрғандықтан қамыстардың арасында тығылып қалдым. Үшінші күні бәрі тынышталған соң, Қазпоштаның көлігімен орталыққа қарай жетіп, ағаммен байланыстым", - дейді Мұқан.  

Қазір Мұқанға қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда оны отбасы қылмыскерлер жазасыз қала ма деп қорқып отыр. Сондықтан тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

    Көп оқылды: