«Көрермендер жылап қалды»: Шерзат Болаттың оқиғасы қойылымға арқау болды Ашық дереккөздерден

Студенттер қойылымға себеп болған Талғардағы оқиға екенін айтты

Әлеуметтік желіде Шерзаттың оқиғасы негізінде қойылған көрініс бейнеленген видео таралып, TikTok-та 2-3 күн ішінде 3,5 миллион қаралым жинаған. Видеоны көрген оқырмандар қызу пікірталасқа жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dopmedia.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Студенттер жүрегімен сезінді

Алғашында Талғардағы трагедиялық оқиғаға қатысты қойылған көрініс TikTok-та тарады. Студенттердің қойған шағын спектаклінде Шерзат Болат қылмыскерлердің қолынан өлген сәті көрсетілген. Әлеуметтік желі қолданушылары осы кадрларды көріп, көптеген пікірлер қалдырды, кейбіреулері көзіне жас алғандарын жазды.

Qaz365.kz тілшісі көрініс кадрларын таратқан Іңкәр Кеңесбаймен сөйлесіп, қойылымды Алматы қаласындағы Инновациялық колледжде стоматология мамандығында оқитын студенттердің қойғанын білді. Іңкәрдің айтуынша, көрініс студенттердің күзгі балында өнер көрсеткен кезде қойылған. Қойылымның негізіне Талғардағы оқиға алынды.

«Талғардағы оқиғаны негізге алдық. Қазіргі таңда тек Талғар оқиғасы ғана емес, жасөспірімдер арасында одан да бөлек  төбелестер көп болады ғой. Жаңалыққа шықпай жатқандары қаншама?! Балалар төбелесте болдық деп әке-шешісіне айтпайды. Ата-аналарының қалай қиналатынын білмейді.  Ондағы біздің мақсат – аналарымыз қаншалықты қиналып, жүректері жараланатынын көрсету. Көп жастардың өздерімен бірге қалталарында пышақ жүретіні белгілі. Ата-ана, мұғалім айтқанмен тыңдамайды ғой. Ең бірінші өздерінің жүректеріне жеткізіп көрсетпесек, оны қанша айтқанмен тоқтата алмайды. Сондықтан осындай көрініс қойып, соны көрсеткіміз келді», – дейді ананың рөлін сомдаған Іңкәр.

 Іңкәрдің сөзінше, көріністі көрген көрермендердің көбі көздеріне жас алған.

«Көрермендердің көбі жылады, бізді мақтады. Жылаған студенттер де, мұғалімдер де көп болды. Бастысы, студенттерге жетті, жүректерімен сезінді. Алдымызда 16 желтоқсан келе жатыр. Оған да осындай қойылым дайындасаңдар деген», – дейді ол.