Ол Шавкатпен кездесуден бас тартқан болатын
UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммад ұйымның екі ардагері – Нил Магни мен Тони Фергюсон арасындағы қызықты жекпе-жек өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Белал Мухаммад осы екі спортшының соңғы жекпе-жектерде сәтсіздікке ұшырағанын ескеріп, олардың айқасын көргісі келетінін білдірді.
«Енді Нил Магни мен Тони Фергюсонның жекпе-жегін ұйымдастырайық», – деп жазды Мухаммад әлеуметтік желідегі жазбасында және бұл кездесуді UFC басшылығына ұсынды.
Еске салсақ, 9-нан 10 қарашаға қараған түні Лас-Вегас қаласында UFC Fight Night 247 турнирі өтті. Онда бразилиялық жартылай орта салмақтағы Карлос Пратес Нил Магниді бірінші раундта нокаутпен жеңіп шықты. Бұл жеңіліс Магни үшін соңғы алты жекпе-жектегі төртінші сәтсіздік болды.
Ал Тони Фергюсон қатарынан сегіз кездесу бойы жеңіліске ұшырап, жеңіліс сериясын тоқтата алмай келеді.