Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі gov.kz

Өткен аптада қазақ спортшыларs түрлі халықаралық жарыстарда тамаша нәтижелер көрсетіп, ел мерейін үстем етті

🔹 Шахмат: Блиц шахматтан екі мәрте әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Шымкентте өткен Гран-при жарысының екінші кезеңінде қола медаль иеленді. Ол 9 турда 2487 ұпай жинады.

🔹 Хоккей: Алматыда шайбалы хоккейден алғаш рет өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Halyk Arena спорт кешенінде өткен шешуші матчта отандастарымыз Жапония құрамасын 5:1 есебімен ұтты.

🔹 Үстел теннисі: Италияның Линьяно қаласында өткен WTT Youth Contender Lignano 2024 халықаралық турнирінде Жәния Бекмұхамбетова 13 жасқа дейінгі спортшылар арасында қола жүлде еншіледі. Сонымен қатар, Алан Құрманғалиев Венгрияның Сомбатхей қаласындағы WTT Youth Contender Szombathely 2024 турнирінде үшінші орын алды.

🔹 Жүзу: Гонконгта өткен ашық суда жүзуден Азия чемпионатында Лев Черепанов қола медаль иегері атанды.

🔹 Триатлон: Сауд Арабиясының Әл-Джубаил қаласындағы триатлоннан Азия чемпионатында 23 жасқа дейінгі санатта қазақстандық спортшылар бір күміс және бір қола медаль алды.

🔹 Арбадағы теннис: Грекияның Месин қаласында өткен ITF Wheelchair Tennis Tour турнирінде Жанна Үмітқұлова күміс жүлдені жеңіп алды.

🔹 Самбо: Елордада өткен спорттық және жауынгерлік самбо, сондай-ақ зағип спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді.