Аустрия футболшыларын Алматыда не күтіп тұр?
Футболдан Аустрия құрамасының бас бапкері Ральф Рангник Ұлттар лигасы аясында Алматыда өтетін Қазақстанға қарсы матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Aутболдан Аустрия құрамасының бас бапкері Ральф Рангник Алматыда жеңіске жеткісі келетінін айтты. Ол сапар қиын болса да, шәкірттерінің жақсы нәтиже көрсететіне сенімді екенін жеткізді.
"Ең үлкен мәселе – осы сапарды қалай еңсеретініміз және оны қалай өткеретініміз болмақ. Бірақ мен біздің бұл қиындықты еңсеріп, жеңіске жететінімізге сенімдімін", - деді Ральф Рангник.
Бұл тұрғыда тек жол мен уақыт мәселесі ғана емес, сондай-ақ футболшылардың физикалық жағдайы да маңызды болып қала бермек. Алматыдағы аустриялық футболшылардың денсаулығын бақылауда ұстау үшін бас аспаз Фриц Грампельхубер арнайы команда орналасатын қонақүйге бірнеше күн бұрын барып, өзімен бірге Аустриядан азық-түлік жеткізеді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында екі матч өткізеді. 14 қарашада Станислав Черчесовтың командасы Аустриямен кездеседі. Ойын Алматының Орталық стадионында өтеді. Басталуы 20:00-де.