Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне қанша сыйақы беріледі? sport-express.ru

Бұл туралы министр Ермек Маржықпев айтты

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері туралы мәлімдеді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Ермек Маржықпаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Олимпиада чемпионына 250 000 доллар, ал күміс алған спортшыға 150 000 доллар, қолаға қол жеткізген спортшыларға 75 000 доллар сыйақы беріледі. Сонымен қатар жүлдеге іліге алмаса да, төртіншіден алтыншы орын алған спортшылар 30, 10, 5 мың доллар еншілейді. 

"Сонымен қатар, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындауға қатысқан бірінші, жеке және бас бапкерлерге ақшалай ынталандыру қарастырылған. Командалық спорт түрлері бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерге ақшалай ынталандыру төлемдері әрбір спортшыға алған әрбір орын үшін ақшалай ынталандырудың 100 пайызы мөлшерінде төленетінін атап өткен жөн. Олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқан жағдайда спортшы тағы 5000 доллар, ал жаттықтырушы 3000 доллар алады", – деді Ермек Маржықпаев.

Олимпиадада жүлдеге іліккен спортшыларға берілетін сыйақы мұнымен тоқтап қалмайды. Бұдан бөлек жүлдеген спортшыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да сыйақылар беріледі, қолдау көрсетіледі.

"Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар чемпиондар мен жүлдегерлерге коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді тегін пайдалануға беретінін айта кетейін. Бұл ретте мемлекет чемпиондарға немесе жүлдегерлерге, сондай-ақ оларды дайындаған жаттықтырушыларға, еңбек өтілі кемінде 20 жыл болған олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына өмір бойы ай сайынғы материалдық қолдау көрсетеді", – деді министр.

Айта кетелік, Франция астанасында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спортшыларымыз аттанды.

Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ. 

    Көп оқылды: