Не бел кетеді, не белбеу кетеді fc-aktobe.kz

Бүгін қазақстандық клубтар еурокубоктық кезеңдегі матчтарын өткізеді

Бүгін, 18 шілдеде қос қазақстандық команда – "Ақтөбе" мен "Тобыл" еурокубоктық матчтарын өткізеді. Бірі Конференция лигасында бақ сынаса, екіншісі Еуропа лигасында өнер көрсетеді. Отандық клубтардың еурокубоктық матч алдындағы әлеуеті мен мүмкіндігін Dopmedia.kz тілшісі саралап көрді.

"Ақтөбе" сырт алаңда "Сараевоны" сан соқтыра ала ма?

"Ақтөбе" футбол клубының УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы босниялық "Сараево" командасы болды. Алғашқы ойында қос команда Ақтөбеде кездескен болатын. Бұл матчта "Сараево" командасы соңғы минуттарда гол салып, жеңісті жұлып алды. 

Ал бүгінгі жауапты кездесуде "Ақтөбе" барын салатыны анық. Қазақстандық команданың жеңіске жетуі үшін барлық мүмкіндік бар. Ойыншылар құрамы да жойқын. Бірінші матчтағы жеңілістен кейін команда ойынды үлкен екпінмен, прессингпен бастайтыны сөзсіз. Сондай-ақ спорт мамандарының айтуынша, "Сараево" бұл матчта өз алаңында жата-жастана қорғанады. Бірінші матчтағы бір гол олардың пайдасына жұмыс істеп тұр. Сондықтан олар Конференция лигасының келесі кезеңіне шығуға жанын салады. 

Бұл матчқа "Ақтөбе" сапынан нигериялық футболшы Уче Агбо қатыса алмайды, себебі Босния тарапы ойыншыға виза бермеді. Сондай-ақ күні кеше ақтөбелік ұжым Бауыржан Байтанамен қоштасты. Бірақ та клубта ойынды өзгертетін, түрлендіретін футболшылар жеткілікті.

"Ақтөбе" мен "Сараево" арасындағы кездесу 00:00-де басталады. Матчты Qazsport арнасы көрсетеді.

"Тобылға" кемі үш гол соғу керек

УЕФА Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде "Тобыл" сырт алаңда "Ружомберокқа" қарсы ойын өткізген болатын. Бірінші ойында қостанайлық клуб 2:5 есебімен жеңіліс тапты. Үш гол айырмасымен жеңіліс тапқан "Тобыл" бұл матчта осал ойнады деп айта алмаймыз. Жақсы шабуылдар, жүйелі пастар берілді. Тек сәттілік жетіспеді.

"Тобыл" қақпасына енген 5 голдың 4-еуі бұрыштамадан көтеріліп барып кірді. Соған қарағанда "Ружомберок" командасы стандартты жағдайға тыңғылықты дайындалған болуы керек. Өз кезегінде қостанайлық клубтың соққан қос голы да арнайы ұйымдастырылған, комбинациямен жүйеленген.

Расында, қазіргі уақытта "Тобылдың" ойыны жүріп тұр. Тек кей позицияларды жауып, "Ружомберок" ойыншыларына прессинг жасауы керек. Оның үстіне, қарымта кездесу Қостанайда өтеді. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен қостанайлық клуб жеңіске жетуі қажет. 

Сонымен бірге, Игор Иванович, Энен Дэвид Борис, Ахмед Эль-Мессауди, Руи Кошта секілді "Тобыл" сапына биыл қосылған футболшылар бүгінгі матчта өздерінің шеберліктерін көрсетуі қажет.

"Тобыл" мен "Ружомберок" арасындағы кездесу 20:00-де басталады. Матчты Sport Plus Qazaqstan арнасы көрсетеді.