Олимпиаданың күміс жүлдегері неліктен шетелде жаттығып жүр? Naomi Baker/Getty Images. Суретте: гимнаст Нариман Құрбанов

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбановпен эксклюзив сұқбат

Әр Олимпиада сайын біз бокс, күрес, дзюдо секілді спорт түрлерінен медаль күтетініміз жасырын емес. Франция астанасы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Нариман Құрбанов спорттық гимнастикадан Қазақстан тарихындағы тұңғыш жүлдені жеңіп алды. Тарихи жетістікке қол жеткізген спортшымен Dopmedia.kz тілшісі сұқбат құрып, көкейдегі сауалдарын қойған болатын.

– Сіз Олимпиаданың финалдық бәсекесінде өзіңіздің авторлық элементіңізді орындадыңыз. Білуімізше, әлемде бұл элементті сізден басқа ешбір гимнаст орындай алмайды екен...  

– Иә, мен 2017 жылы «The Kurbanov» деп аталатын элементті ойлап таптым. Мен жаңа элементтерді үйреніп, гимнастика ережесін толыққанды меңгеріп, ондағы сирек кездесетін жаттығуларды зерттей бастадым. Бір кездері мен екі қолмен алға қарай өтетін жаттығуды жасап жүріп, бұл элементті екі қолды тіреп артқа қарай өтуге болатынын аңғардым. Ал осы бір элементті тәжірибе жүзінде іске асыруға мен 3-4 айымды сарп еттім. Кейіннен осы ойлап тапқан элементімді әкеме көрсеттім, оның қуанышында шек болмады.

Сондай-ақ 2017 жылы Монреальда өткен әлем чемпионатында осы элементті орындадым. Бұл халықаралық турнирде ең алғаш рет «The Kurbanov» жаттығуын орындағаным еді. Осылайша, менің тегім гимнастика ережелерінің тарихында қалды.

Ал финалдық бәсекеде жасаған осы элементім көптеген жылдың жемісінен туындады. Қазіргі уақытта бірнеше спортшы менің жаттығуымды қайталауға тырысып жүр.

By Stephen McCarthy/Sportsfile via Getty Images. Суретте: Нариман Құрбанов кезекті элементін орындауда

– Елдегі жанкүйерлеріңіз, халқыңыз қалай күтіп алды? Әкімдік тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды ма?

– Сол күні Алматы әуежайынан күтіп алған адамның қарасы қалың болды. БАҚ өкілдері де, камералар да көп. Жанкүйерлер мен халық жақсы күтіп алды.

Әкімдік тарапынан әзірге ешқандай сыйлықтар, марапаттар табысталмады. Бірақ сыйлық пен марапаттар мен үшін маңызды емес, уақыты келгенде бәрі де болады деп ойлаймын.

– Сіз өзіңіздің бір сұқбатыңызда жақында отбасы құратыныңызды айтып едіңіз...

– Үйлену тойым қыркүйек айында болады. Бұл кезең жаңа спорттық маусымға да дайындалуға да, отбасын құруға қолайлы уақыт болды.

Менің болашақ жарымның есімі – Аида. Ол да гимнастикамен айналысады, ол да бар өмірін осы спорт түріне арнап келеді. Біз 2018 Джакартада өткен Азия ойындарында танысып, содан бері жақсы қарым-қатынаста болдық. Нәтижесінде, осы күнге де жеттік.

– Сіз халықаралық жарыстарға дайындалу үшін Еуропада жиі жаттығасыз. Қазақстанда спорттық гимнастикаға арналған кешендер бар ма? Одан басқа, елімізде аталмыш спорт түріне қатысты қандай түйіткілді мәселелер бар?

– Елімізде спорттық гимнастикаға арналған кәсіби спорт кешендері аз екені сөзсіз. Алайда Олимпиада ойындарындағы жетістік бұл спорт түрін жандандыруға тың серпіліс береді деп сенемін. Сондай-ақ осы бағыттағы залдардың салынуына жол ашылады.

Басты мәселе – әлемдік стандарттағы құралдардан жабдықталған кәсіби кешендердің аздығы. Жарыстар Азия немесе Еуропада өтетін болса, біз алдын ала сол елдегі кешендерде жаттығуға мәжбүрміз.

– Сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Ел мерейін тасытып жүре беріңіз!