Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: билеттерді қайдан алуға болады? Ашық дереккөзден алынған

Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары 8-13 қыркүйек арасында өтеді

6 тамыз күні 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарыстарына билеттер сатылымы басталды. Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Ойындардың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер құны 15 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге дейін болады.

Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны 3 600 теңгені құрайды.  

Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында болады.

«Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыстар өтеді. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.

Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін барады. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ.  

Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін болады.

Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 6 00 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады.

Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.

Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.

Барлық жарыстарға билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz  сайтынан сатып алуға болады.