Олар Токиодағы додада танысқан
Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков бүгін, 7 қыркүйекте елге оралды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Бүгін елге оралған Дастан Мұқашбеков журналистермен тілдесу барысында спорттың өзінің өмірінде ерекше орын алғанын айтты. Тіпті спорт арқылы өзінің жан жарымен танысқанын да тілге тиек етті.
"Бар өмірім спортпен тығыз байланысты, тіпті жеке өміріме де спорт оң ықпал етті. Токиода өткен Паралимпиада ойындарында болашақ жарыммен таныстым. Ол Қостанайдан және спорттың нысана көздеу түрімен айналысады. Қазіргі уақытта әйелім мен ұлым бар, өте бақыттымын. Олар әрдайым менің қасымда, әр жаттығуымда бірге жүреді. Барлық адамдарға айтарым – ешқашан мойымау керек. Бастапқыда мен жай ғана спортшы болғым келді, кейін чемпион болуды армандадым. Көп жетістікке жеттім, алда әлі талай мақсат тұр", – дейді Дастан Мұқашбеков.
Айта кетейік, Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарында ерлер арасында ядро лақтырудан F36 санаты бойынша финалдық кезеңде сынға түскен Дастан Мұқашбеков қола медаль жеңіп алған болатын.