Олимпиада жүлдегерлері неге медальдарын тістейді? Buda Mendes/Getty Images. Суретте: дзюдошы Елдос Сметов

Медальды тістеп суретке түсудің де өз дәстүрі бар

Олимпиада жеңімпаздарын марапаттау кезінде спортшылардың медальды тістеп суретке түсуі – спорт әлеміндегі ең танымал бейнелердің бірі. Бірақ бұл әрекет қайдан шыққан және бұл дәстүрдің мәні неде? Dopmedia.kz тілшісі осы мәселені жан-жақты сараптап көрді.

Ертеректе саудагерлер мен қарақшылар алтын тиындардың шынайылығын тексеру үшін оларды тістеп көрген. Алтын – жұмсақ металл, сондықтан оны тістеген кезде алтынның бетінде із қалатын.

Бірақ қазіргі спортшылар медальды басқа мақсатта тістейді. Бұл дәстүр 1991 жылы Германияның Штутгарт қаласында өткен Еуропа чемпионатында басталған деседі. Сол уақытта Ұлыбританияның кедергілерден жүгіру командасының мүшелерінен фотографтар медальды тағып, ерекше әрекет жасап суретке түсуді сұраған. Осыдан кейін бұл дәстүр спортшылар мен фотографтардың арасында кеңінен таралды.

Медальді тістеп, тісінен айырылған

Спортшылар тек алтын медальды ғана емес, басқа да медальды да тістеп көреді. Кейде бұл қызық әрекеттер тіпті күлкілі жағдайларға әкеліп жатады. Мысалы, 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған неміс спортшысы Дэвид Меллер медальды тістеп көремін деп тісін сындырып алған. Мұндай кадрлар әсерлі көрінгенімен, спортшының көңіл күйін әсер еткені анық. Айтпақшы, сол Олимпиададан кейін Меллер ірі жарыстарда ешқандай жүлде алмаған.

Тағы бір қызықты жағдай 2012 жылы Лондон Олимпиадасында орын алды. 60 кг дейінгі салмақта қола жүлде алған бразилиялық дзюдошы Фелипе Китадай медальмен қоштасқысы келмей, тіпті душқа барса да, жүлдені тағып кірген. Душ қабылдап жатқан кезде оның медалі жерге түсіп кетіп, оның лентасы бекітілген металл сынып кеткен. Фелипе Халықаралық Олимпиада комитетіне медальды ауыстыру туралы өтініш жазып, жүлдесін ауыстырып алған.

Олимпиаданың алтын жүлдесінде қанша пайыз алтын бар?

Олимпиада ойындарында таза алтыннан жасалған медальдар тек 1904, 1908 және 1912 жылдардағы Олимпиада ойындарында ғана берілген. Осыдан кейін медаль жасауға қолданылатын бағалы металдың мөлшері азая бастады. Бүгінгі таңда Олимпиада чемпиондарына берілетін алтын медальда шамамен 92,5% күміс бар. Ал алтынның мөлшері небәрі 6 грамм шамасында болады.