Париж Олимпиадасында бақ сынаған қазақ спортшылары туралы не білеміз?
Франция астанасы Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына бірқатар қазақ спортшысы өзге мемлекеттің атынан бақ сынады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Өзбекстан атынан сынға түскен этникалық қазақ Ақтеңге Кеунімжаева Париж Олимпиадасына әйелдер күресінен 50 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол 1/8 финалдық кезеңде украиналық Оксана Ливачпен кездесіп, есе жіберіп қойды.
Париж Олимпиадасына Қытай атынан сынға түскен этникалық қазақ Хабила Әбусайман еркін күрестен 97 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол алғашқы айналымда үш дүркін әлем чемпионы америкалық Кайл Снайдерге есе жіберді (9:5).
Қазақ боксшысы Руслан Абдуллаев Париж Олимпиадасына Өзбекстан намысын қорғап, ширек финалында жеңіліс тапты. 63,5 кг дейінгі салмақ дәрежесінде күш сынасқан боксшы канадалық спортшы Уайатт Сэнфордқа төрешілердің шешімімен жеңіліп қалды. Руслан Абдуллаев алғашқы айналымда мексикалық Мигель Анхел Мартинестен айласын асырған болатын.
Олимпиада ойындарында этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқан Қытай атынан сынға түскен. Ол 80 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол 1/16 финалдық кезеңде Доминикан боксшысы Кристиан Пиналеспен жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіліп қалды.