Париж-2024 Паралимпиада ауылы: Ыңғайлы әрі қолжетімді paralympic.kz

Париж-2024 Паралимпиада ауылы, Сен-Дени, Сент-Уэн және Л’Иль-Сен Дени аудандарында орналасқан

Паралимпиада ауылын салу барысында негізгі назар қолжетімділікке бағытталған: табалдырықтар жоқ, жуынатын бөлмелер ыңғайлы орындықтарымен жабдықталған, ал электр тоқтары мүгедектігі бар адамдарға қолайлы деңгейде орналастырылған.Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Қазақстан Паралимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Мұнда тұру және жаттығу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, соның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін фитнес орталығы мен емхана бар.

3200 орынға арналған асхана түрлі талғамға сай мәзір ұсынады, ал тағамның көп бөлігі жергілікті фермерлерден жеткізіледі екен. Ұйымдастырушылар спортшылардың жүріп-тұруын жеңілдету үшін, тіпті тамақ тасымалдауға арналған тайғанамайтын арбалар мен ыдыстар сияқты ұсақ-түйек заттарға дейін ерекше көңіл бөлген.

Ауылда демалуға және адамдармен араласуға арналған орындар да бар, мысалы, Сена өзенінің көрінісін тамашалап, басқа спортшылармен кездесуге болатын Village Club туралы айтып өтуге болады. Ауылдың барлық инфрақұрылымы ойындар кезінде жайлылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта жергілікті қауымдастық пайдалануы үшін алдын ала жобаланған екен.

Оның ерекшеліктерінің бірі - тегін сусындар мен балмұздақ алуға болатын автоматтар. Сондай-ақ, ауылдың әр бөлігінде кофе алуға арналған орындар орналасқан, бұл спортшыларға кез келген уақытта жаңа дайындалған кофеден ләззат алуға мүмкіндік береді. Ауылды аралау үшін спортшылар электроарбалар мен велосипедтерді пайдалана алады, бұл қозғалысты жылдам әрі ыңғайлы етеді.

Аталған жағдай ауылдың аумағы мен әртүрлі нысандар арасында қозғалу қажеттілігін ескере отырып жасалған. Тағы бір қызықты деталь – әр ел ауылдың өздеріне тиесілі бөлігіне мәдениеттері мен дәстүрлерін айшықтайтын символикалармен безендіреді. Бұл ауылға ерекше сипат беріп, нағыз халықаралық мереке атмосферасын сезіндіреді.

Жалпы, Париж-2024 Паралимпиада ауылы – бұл жай ғана сән-салтанат ауданы ғана емес, спортшылардың қажеттіліктері үшін барлық жағдай жасалған ыңғайлы орын.

Естеріңізге сала кетейік, жазғы ойындар 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 9 спорт түрінен ел намысын қорғайтын 44 спортшы бар. Ал трансляцияларды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тамашалай аласыздар.