Мейрамбек Қартбай: «Олимпиадаға баратынымды сездім» uww.org

Қазақ балуаны жолдаманы еншілегеннен кейінгі әсерін бөлісті

Еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Мейрамбек Қартбай Париждегі Олимпиада ойындарына жолдаманы еншілегеннен кейін әсерін бөлісті. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Олимпиадаға баруым мүмкін екенін сездім. Өйткені, Ресей құрамасының қатысу-қатыспауы әу бастан белгісіз болды. Сондықтан жаттығуды бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Қазіргі таңда ұлттық құрамамен бірге Дағыстанда дайындалып жатырмын. Жолдама маған бұйырғанын естігенде, әрине, қуандым. Бірақ мен соңғы екі іріктеу турниріне қатысқан командаластарыма да тілеулес болдым.

Кілемде ғана қарсыласпыз. Өмірде бір-бірімізге жанашырмыз. Енді Париж додасы күтіп тұр. Олимпиадада оңай қарсылас жоқ. Бірақ мен бәрімен де күресіп көрдім, бәрінің де ыңғайын білемін. Бар күшімді саламын, қалғанын кілем көрсетеді», – дейді Мейрамбек Қартбай.

Еркін күрестен Ресей құрамасы Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқаннан кейін Олимпиада жолдамалары құрамалар арасында үлестірілген болатын. Осылайша, қазақ балуаны Мейрамбек Қартбай Олимпиада жолдамасына ие болған еді. Қазақстандық балуан Париждегі бәсекеде 57 кг салмақта белдеседі. 

Айта кетейік, көпшілік тағатсыздана күткен Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан еркін күрестен 4 спортшы бақ сынасады. Олар: Мейрамбек Қартбай (57 кг), Азамат Дәулетбеков (86 кг), Әлішер Ерғали (97 кг) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кг).

    Көп оқылды: