Еркін күрестен ел қоржыны бір жолдамамен толықты kaz_wrestling

Ресей балуандарының жолдамалары өзге құрамаларға таратылып жатыр

Еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасының тағы бір жолдамасына ие болды. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Kaz_wrestling Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей спортшыларына Париждегі Олимпиада ойындарына қатысуға шектеу қойғалы бері оларға тиесілі жолдамалар өзге құрамалар еншісіне үлестіріліп жатыр. Соның ішінде еркін күрес бойынша да ресейлік балуандар Олимпиада ойындарынан тыс қалмақшы. Еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесі бойынша Токио Олимпиадасының чемпионы ресейлік Заур Угуев жарыстан шеттетіліп, оның жолдамасы қазақ балуаны Мейрамбек Қартбайға бұйырды. Енді Париж Олимпиадасында еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан атынан Мейрамбек Қартбай сынға түседі.

Айта кетейік, қазақ балуаны өткен жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында жолдамаға бір табан жете алмай қалып еді. Кейінгі белдесулерінде де Мейрамбек Қартбайға сәттілік жолдас бола қоймады.