Асфальт, 100 жылқымен бірге бірнеше пәтер де иеленген
Елдос Сметов – Қазақстан тарихында дзюдодан Олимпиаданың тұңғшы чемпионы. Ол үш Олимпиадаға қатысып, барлық дәрежедегі медальды жеңіп алған спортшы. Dopmedia.kz тілшісі спортшының осы жетістіктері үшін қандай қаржылық марапаттарға ие болғанын есептеуге тырысты.
Рио-де-Жанейро Олимпиадасы – 2016
Елдос Сметов 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиадада жасындай жарқылдады. Онда ол ресейлік атлет Беслан Мудрановпен тартысты финалдық кездесуде күміс медаль жеңіп алды.
Бұл жетістігі үшін Елдос Сметов Қазақстаннан көптеген құнды сыйлық және мемлекеттік «Парасат» орденін алды. Сонымен қатар, оған Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі, екі бөлмелі пәтер және күміс медаль үшін уәде етілген 150 мың АҚШ доллары табыс етілді.
Токио Олимпиадасы – 2021
Елдос Сметов келесі Олимпиадада да табысқа жетті. Жапонияда өткен Олимпиаданың алғашқы күнінде ол нидерландтық Торнике Цякадоеаны жеңіп, қола медальға ие болды.
Бұл табысы үшін екі дүркін Олимпиада жүлдегері көп сыйлық алды. Алматы әуежайында спортшыға жаңа Mercedes-Benz C-класс автокөлігі сыйға тартылды. Кейін Жамбыл облысының әкімі спортшыға Toyota Camry автокөлігінің және Тараз қаласының 15-шағын ауданындағы пәтердің кілтін табыс етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та спортшының жетістігін атап өтті. Мемлекет басшысы Сметовті «Барыс» ІІІ дәрежелі орденімен марапаттады, ал үкімет оған қола медаль үшін 75 мың АҚШ долларын берді.
Сондай-ақ Қазақстан дзюдо федерациясы оған қосымша 5 миллион теңге, ал Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трумов тұрғындардың атынан 3 миллион теңге, Ақтау қаласындағы Rixos қонақ үйі жанынан пәтер және Каспий теңізінің жағалауындағы жер телімін сыйлады.
Сонымен қатар, спортшының бапкерлері де марапатталды. Токиодағы Олимпиададағы жетістіктері үшін алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл 3 миллион теңге, ал оның жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев үкіметтен 28 миллион теңге және Жамбыл облысының әкімінен 1 миллион теңге алды.
Париж Олимпиадасы – 2024
Дзюдошының ең кемелденген шағы – биыл Парижде өткен Олимпиада ойындары болды. Сол жерде спортшы Қазақстанға жазғы жарыстардағы алғашқы және жалғыз алтын медальді алып келді. Финалдық жекпе-жекте ол франциялық Лука Мхеидзені жеңіп, көптен күткен алтын медальды қанжығасына байлады.
Өзінің туған жері Тараздың орталық стадионына Елдос Сметовті салтанатты түрде күтіп алуға 15 мыңнан астам адам жиналды. Елдос Сметовке бес бөлмелі пентхаус пен Lexus жол талғамайтын көлігінің кілті және 2,6 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.
Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген Елдос Сметовке аудан халқы Haval 6 автокөлігін мінгізді. Спортшы бұл көлікті өзінің алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға табыс етті.
Сондай-ақ белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов спортшыға Mercedes-Benz C-класс автокөлігін сыйға тартты.
Дзюдошының бапкері Ғалымжан Жылгелдиев те сыйлықсыз қалмады. Ол екі бөлмелі пәтердің және Hyundai Santa Fe автокөлігінің кілтін алды. Сонымен бірге Елдос Сметовті ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Барыс» І дәрежелі орденін алды.
Сонымен қатар, Олимпиадада жеңіп алған «алтыны» үшін Елдос Сметов 250 мың АҚШ долларын алды.
Сондай-ақ, ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Маханов Олимпиададағы жеңісі үшін спортшыға 100 жылқы сыйға тартатынын уәде етті.
Осылайша, Елдос Сметов Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен жылдары ішінде келесідей сыйлықтарға ие болды:
475 мың АҚШ доллары – үш Олимпиада медалі үшін (250 мың – алтын, 150 мың – күміс және 75 мың – қола);
Жергілікті әкімдіктер мен Қазақстан дзюдо федерациясынан 11 миллионға жуық теңге «сыйақы»;
6 автокөлік – Toyota Land Cruiser Prado, Mercedes-Benz C-класс (2), Toyota Camry және Lexus LX600, Haval 6;
3 пәтер және Каспий теңізінің жағалауынан бір жер телімі;
100 жылқы және асфальт.
-
14 қараша, 2024
Трамптың саяси триумфы: жаңа үкіметтің жоспары қандай?