"Ақша үшін емес, абырой үшін ойнадық" – қазақ көкпаршысы Kazinform

Құрманбек Тұрғанбек финалдық бәсеке туралы айтты

Қазақстанның көкпар құрамасы Қырғызстан командасын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Шешуші ұпайды құраманың капитаны Құрманбек Тұрғанбек еншілеп, жеңісті жұлып алды. Ол Kazinform агенттігіне берген сұқбатында өз әсерін бөлісті, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

"Финалдық ойын өте тартысты өтті. Біз екі тайм бойы, әрқайсысы 40 минуттан, тоқтаусыз ойнадық. Соңғы секундтарда жеңіс біздің қолымызға түсті, бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Егер салым салмасам, мені қатты сынар еді. Алайда, қосымша 10 минут ішінде «алтын ұпайды» еншілеп, командамызға жеңіс сыйладым. Бұған дейін 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында да осындай шешуші салым салған болатынмын. Ойын өте қызықты өтті. Қырғыз ағайындарымызға лайықты бәсекелестік үшін алғыс білдіремін. Біз еліміздің, жеріміздің, халқымыздың үлкен қолдауын сезіндік. Көптеген адам Қырғызстан 3:1 есебімен алға шыққанда қорқып қалдық деп айтты, бірақ біз оған дайын болдық. Біз өзімізге неге де болса, жеңіске жетеміз деп сөз бердік және сол мақсатымызға жеттік," – деді Құрманбек Тұрғанбек.

Құрманбек Тұрғанбек құраманаың бұл жарыстарға төрт ай бойы дайындалғанын атап өтті.

"Біз бұл ойындарды ақша үшін емес, абырой үшін ойнадық. Төрт ай бойы еліміздің намысын қорғап, туымызды биіктен көрсету үшін дайындалдық. Біз үшін ең үлкен марапат – қазақ спортының дамуына қосқан үлесіміз," – деп қорытындылады Құрманбек Тұрғанбек.

    Көп оқылды: