8-13 қыркүйек күндері Қазақстан астанасында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында апта бойы 21 спорт түрінен сайыстар, «Көшпенділер ғаламы» этноауылында мәдени шаралар, ғылыми бағдарлама шеңберінде «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты ғылыми-практикалық коференция ұйымдастырылды. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Көшпенділер ойындарының дирекциясына сілтеме жасап хабарлайды.
Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2800-ге жуық спортшы қатысты.
«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда 100-ден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған өнерпаздар күнделікті концерттер, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін, көрме, айтыс сайысын өткізді. Белгілі фотожурналист Джимми Нельсон киіз үй ішінен фотостудия құрды. Сондай-ақ, UNESCO, UNICEF, Alageum киіз үйлері тігілді.
21 спорт түрі қамтылған сайыстар алты күн бойы 6 түрлі нысанда өтті: «Қазанат» ипподромы, «Арғымак»спорт алаңы, этноауыл, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясы әдепкіде, этноспорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жариялаған болатын. Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша жарыс барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша “пұт”, “қалқан” және “жамбы” нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті.Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде.
Екінші орынды Қырғызстан ойыншылары еншіледі. Қырғыз спортшыларының қоржынына 65 медаль түсті. Оның 19-ы алтын, 21-ң күміс және 25-і қола медаль.
Медаль саны бойынша үшінші орынды Ресейспортшылары иеленді. 12 алтын, 12 күміс және 25 қола – жалпы 49 медаль жеңіп алды.
Ойындарға қатысушылардың көбі – Қазақстандықтар. Елімізден 195, Қырғызстаннан 172, Ресейден 144 спортшы қатысты.
Қатысушылар мен қонақтарға 1600-ге жуық волонтер көмектесіп жүрді.
Бүгін Этноауылда өткен жабылу рәсіміне спортшылар қатысты. Оларды 1000-ға жуық волонтер мен этноауылқонақтары қошеметпен қарсы алды. Жиында Дүниежүзілік этноспрот конфедерациясының президенті Нежмеддин Біләл Ердоған, Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қырғызстан Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының жетекшісі Наиль Нұров сөз сөйледі.
6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтеді. Бұл туралы Нежмеддин Біләл Ердоған салтанатты жиын барысында хабарлады. Ол көшпенділер ойындары Қырғызстанға оралатынын айтып, Алтынбек Мақсұтовқа ДКО символы – торсықты табыстады.
-
9 қазан, 2024
Спортшы Айша Уәлишанның құлдықта адам ұстағаны рас па?