Оның айтуынша, баласын әділетсіз ұстап отыр
Әлеуметтік желіде тараған видеодағы әйел ұлының ол жерде болмағанын айтады, деп Dopmedia.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қамаудағы күдіктілердің бірінің анасы Лейла Қазакенова әлеуметтік желіде үндеу жариялады.
“Мен Шерзаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. БАҚ-та әуелі бұл төбелеске 13 адам қатысты деген ақпарат тарады. Кейін оның жетеуін ұстады деді. Құзырлы органдар күдіктілер санын толтыру үшін менің ұлым Арлан Қазакенов мен Юлдаш Розыбакиевті әділетсіз ұстап отыр. Оларға қылмысты жасырды, уақытында хабарламады деген айып тағып отыр. Шындығында олар оқиға орнында болған жоқ. Олар ол жерге бәрі болғаннан кейін ғана барған”,- деді Лейла Қазакенова.
Қазакенова ұлының ол жерге кездейсоқ тап болғанын айтады.
“Мерседес” көлігін іздеп жатыр екен. Ұлым өзінің досы Нұрқиясқа хабарласып не болғанын сұрайды. Тұтқаның ар жағында адам оған Рысқұлов ауылына кел деп айтады. Ауылға барғанда досының жалғыз еместігін, қасында тағы 5-6 еркек және 2 әйел бар екенін көреді. Олар мас болған. Көлігіне отырғызып алады. Әрі қарай үш көлік Талғарға қарай тартады. Бірақ қайта-қайта кейін оралуға мәжбүр болады. Себебі арттан ерген көліктер қалып қоя береді. Осылай бірнеше рет айналып жүргенде оларды полиция ұстайды. Тергейді. Ұлым не болғанының бәрін айтып береді. Оны босатып жібереді. Бірақ 13 қазан күні оны қайта шақырып жауып тастады” ,- деді Қазакенова.
Осы ретте ұсталғандардың арасында қыздардың жоқтығын түсінбейді.
“Егер полиция күдіктілердің санын толтырғысы келсе неге 2 қызды ұстамайды? Олар да сол жерде болды емес пе? Неге олар тек куәгер ретінде ғана шақырылады?”,- деді Лейла Қазакенова.
Алматы облысы ПД күдіктінің анасының өтінішіне түсініктеме берді. Ведомствода ұсталғандар жасалған қылмыс туралы білетінін мәлімдеді.
"13 қазанда үш күдікті қамауға алынды. Оларға ҚР ҚК-нің 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау" айыбы тағылды. Жүргізілген тергеу іс-шаралары күдікті К. - ның жасалған қылмыс туралы хабардар болғанын анықтады. Соттың санкциясымен ол екі ай мерзімге қамауға алынды”- деді ПД.