«Болатын нәрсе болды»: Нұрлан имам Талғардағы оқиға туралы айтты (видео) Видеодан скриншот

Нұрлан имам Талғар трагедиясына қатысты пікір білдірді

Танымал имам Нұрлан Байжігітұлы Талғардағы оқиғаға қатысты пікірін айтты. Дін қызметкері Талғардағы оқиға ел үшін сабақ болуы керек екенін тілге тиек етті, деп Dopmedia.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Нұрлан қажы Байжігітұлы Астанадағы Ырыскелді қажы атындағы мешітке бас имам болып тағайындалғанға дейін Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылындағы "Зәм-Зәм" мешітінде қызмет етті. Бүгінде, әлеуметтік желі дамыған тұста ол елімізге танымал дін қызметкерлерінің бірі. Имам елді алаңдатқан Талғардағы тәртіпсіздіктің түп-тамыры неде екені туралы ойын айтты.

"Бұл жағдай тек Талғарға тиесілі емес. Бұзақылық жағдай барлық өңірде бар. Болып жатыр. Мектеп оқушыларының ерте жүктілігі, қыз балалардың төбелесі, мектеп жасындағы балалар бұзақылығы, вандализм барлық жерде бар. Жасөспірімдердің бірдеңені бүлдіруі, бұзақылық әрекеті бірден болмайды. Іштен қалыптасады. Мысал айтайық, қарапайым жедел сатының ішіне кіргенде бірдеңесін бүлдіріп, түкіріп тұратын балалар бар. Қарап тұра алмайды. Ананы түртіп, мынаны шұқу баланың табиғатында бар дүние. Біз баланың бойындағы күшті, қабілетті дұрыс бағытқа бұруымыз керек. Спортқа, өнерге, білімге бұру маңызды. Баланы тындырып қою дұрыс емес. Оны тыңдау керек, пікірлесу, оның ойын түсіну маңызды. Баланың потенциалын жаппай, ашылуына көмектесіп жіберсеңіз қоғамда өз орнын таба алатындай азамат болады. "Бұлақ көрсең көзін аш" деген қазақта әдемі сөз бар. Бұлақтай аққан баланы дұрыс арнаға бұру керек. Бала тәрбиесіне қатысты сұрақ тек бүгінде ғана маңызды емес, кеше де болған, келешекте де бала береді", - деді Нұрлан Байжігітұлы.

Имамның айтуынша, Талғардағы оқиға ел үшін сабақ болуы керек. Оның қайталанбауына күш салу маңызды.

"Біз бір Талғармен тоқтап қалмауымыз керек. Талғарда болатын нәрсе болды. Дүниеден өткен Шерзаттың иманын берсін. Қазақта"біреудің ажалы, біреудің азабы" деген сөз бар. Азабы барлар азабын тартады, ажалы жеткен Раббысына қайтты. Сондықтан біз осы оқиғадан сабақ алуымыз керек. Басқа жерде осы нәрсенің алдын алуымыз керек. Жастардың тәлім-тәрбиесіне көңіл аудару керек. Оларға ұрыса бергеннен пайда жоқ. Біз қазір бәріміз ұрысуды үйреніп алдық. "Жастар анадай, жастар мынадай" дейді. Жоқ. Жастарға ренжитіндей біз оларға не істедік, неміз өтті? Сондықтан, заманауи, солардың деңгейіне түсу керек. Менің уағыздың форматын сәл өзгертіп, балалардың тілінде сөйлеуім де дінді төмен түсіруім емес, солармен тіл табысуым шығар", - деді ол.