Елдос Сметов су тасқынынан зардап шеккендермен кездесті Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев. Фото: gov.kz

Спортшы зардап шеккендердің ауылына барып, тұрғындармен кездесті

Республика күніне орай дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен оның жеке бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев Ақтөбе облысындағы Қобда ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Елдос Сметов пен спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Қобда халқының өкілдерімен кездесті. Бұл кездесудің мақсаты – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және оларға мотивация беру. Чемпион ауыл жастарына өз кеңестерін ұсынып, жетістікке жету жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, Елдос Сметов елімізде бұқаралық спорттың дамуына ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті.

"Олимпиададан кейін Ақтөбе облысына келіп қалдым. Сіздердей спортқа ұмтылған жастарды, жасөспірімдерді көргеніме өте қуаныштымын. Мына  спорт кешені керемет екен. Барлық жағдай жасалған.  Менің айтарым – мақсатқа жету жолында еңбек пен табандылық өте маңызды", - деді Елдос Сметов. 

Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев Қобда ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездескен спортшы мен оның бапкеріне ерекше алғысын білдірді.

"Республика күні қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі кездесуді тарихи сәт деп есептеймін. Бүгінгі шара біздің жас өрендеріміздің көздеріндегі отты жағып, рухын көтерді деп сенемін", - деді аудан басшысы Ізгілік Тынымгереев. 

Кездесуден кейін Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың үйлеріне барды. Президенттің биылғы көктемдегі су тасқынының салдарын жою және зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы берген тапсырмасы аясында Қобда ауданының Қобда және Жарық ауылдарында 147 үй салынды.

"Мемлекет басшысының қолдауымен әдемі үйлер бой көтерген. Тұтас, жаңа ауыл пайда болған. "Қиындықта далада қалдырмады" деп тұрғындар рақметін айтып жатыр. Мен өте қуаныштымын", - деді Елдос Сметов. 

    Көп оқылды: