Асхат Аймағамбетов бюджет бөлетіндерге ескертпе жасады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандық қиын жағдайда екенін жазды, деп Dopmedia.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Соңғы күндеріңізде ауырсынудан арылып, лайықты күтім алудың орнына жалғыз қалып, жан азабын кешіп жатқаныңызды елестетіңізші. Өкінішке қарай, бұл – паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандықтардың бүгінгі шындығы. Әрбір адам өмірден азапсыз, абыроймен өтуге құқылы. Паллиативтік көмек дәл осы құқықты әрбір қажет етушіге қамтамасыз ету үшін керек. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам, оның ішінде онкологиялық аурулардың соңғы сатысындағы науқастар, инсульттан кейінгі адамдар және жазылмайтын аурулары бар балалар осындай көмекке мұқтаж", – дейді депутат.
Асхат Аймағамбетовтың жазуынша, бұл салада көптеген мәселе бар: хоспистердің жетіспеушілігі, ауырсынуды басатын дәрілерге қолжетімділіктің шектеулілігі, білікті мамандардың тапшылығы. Оның үстіне, паллиативтік көмекке арналған ағымдағы бюджеттегі тарифтер тым төмен, бұл шынайы қажеттіліктерді толық қамтуға жеткіліксіз. Осындай қиындықтарға қарамастан, келесі жылдың бюджет жобасында паллиативтік көмекті қаржыландыруды қысқарту ұсынысын көргенде Аймағамбетов бұл шешімнің қаншалықты әділетсіз екенін түсіндік дейді.
"Біз, керісінше, қаржыландыруды 4 млрдқа дейін ұлғайтуға күш салдық, өйткені әрбір адам өмірінің соңғы күндерін азапсыз, құрметпен және тыныштықпен өткізуге лайық. Бұл тек денсаулық сақтау мәселесі емес — бұл адамгершілік мәселесі. Паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін шұғыл түрде қайта қарау қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне рахмет, бұл бастамамызды қолдап отыр, бұл бағытта біраз жоспарлары да бар, сондықтан алдағы уақытта бірлесіп осы маңызды мәселені шешеміз деп сенеміз", – дейді ол.