"Қызды есірткіге тәуелді етіп, білгенін істеген": Әнарудың адвокаты ашық айтты Фото-коллаж: Nege.kz

Әнарудың адвокаты кейбір жайтты ашық айтты

Тамыз айында 28 жастағы бойжеткен Әнару Құрманәлі өзін танымал боксшы Жанқош Тұраров зорлағанын айтып, оның үстінен арыз түсірген еді. Іле-шала ақпарат құралдарына сұхбат берген ол мән-жайды баяндап, қарым-қатынастың қалай өрбігенін қинала айтқан-ды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

Алайда, бұдан кейін көптің көкейіндегі сауалға жауап беруі тиіс боксшы тасадан шыққысы келмеді. Даулы оқиғаға қатысты өткен баспасөз мәслихатына адвокатын жіберіп, сырттай ғана бақылап отырды.

Сонымен, екі айға созылған тергеу туралы ештеңе айтылмады, есесіне, кеше «қыз зорлады» деп айыпталған боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылыпты. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті: «Әуезов аудандық полиция басқармасы боксшыға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық істі тергеді. Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізіліп, қорытындысы бойынша зорлау дерегі расталмады. 2024 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды. Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келісті», – деп хабарлады.

NEGE тілшісі Әнарудың әкесі Қалдыбек Құрманәліге хабарласып, әрі қарай қандай әрекетке баратынын сұрады. Себебі, ол бұған дейін: «Істі соңына дейін жеткіземін», – деген. Алайда, белгілі композитор: «Мұның анық-қанығын адвокаттан сұрай аласыз», – деп қысқа қайырды.

Осы іс бойынша арызданушы Әнару Құрманәлінің қорғаушысы Ләззат Ахатова да істің тоқтатылғанына аң-таң.

«Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқанын екі күн бұрын ғана білдік. Енді тергеу органы бізді сотқа шағымданбасын деп, қаулыны бермей отыр. Ол қаулыға шағымданатын, қайта жаңғыртуға құқығымыз бар. Тиісті органдардың бәріне шағымданамыз. Жанқош Тұраровтың «крышасы» туралы, тергеудегі өрескел заңсыздықтар туралы іс қозғалған сәтте жазған едік. Күдігіміз расталды. Полиция бұған дейін де Тұраровтың бірнеше ісін қысқартқан екен. Олар басынан-ақ істі жылы жабуға, Әнарудың аузын жауып тастауға барынша күш салған болатын», – деді.

Әріптестеріміз адвокат Ләззат Ахатовадан шағын сұқбат алды.

– Ләззат, Жанқош Тұраровқа қатысты істің тоқтатылғаны күмән тудырмай ма?

– Бұл істі қарау барысында төрт тергеуші ауысты. Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Менен өзге тағы бір адвокат бар еді, ол да басқа іске ауысқан. Кейін Алматыдан тағы бір қорғаушы қостық. Енді мен Астанадамын. Қайта-қайта Алматымен екі ортада әрі-бері жүрудің өзі оңай емес. Шығынды төлейін деген ешкім жоқ. Сондықтан өзім онлайн қадағалап, жазатынымды жазып, кеңес беріп отырдым. Бұрын тергеуші болған адвокаттан өтіндік. Сол кісі 21 қазанда сараптамаға қол қоюға барғанда істің қысқарғанын айтпаған. Бізді ешкім хабардар етпеді. «Мерзімін ұзарттық» деді, бірақ ол туралы қаулыны бермеді.

Тақырыпқа орай: «Сенен ұлды болғым келеді деді» – Жанқош Тұраров зорлады деген қыз сұхбат берді

Қыз зорланып, арыз жазғаннан кейін тәркіленген заттардың да көзі жойылған сияқты. Оның да хаттамасын көрсетпеді. Тіпті, биологиялық сараптама да тағайындамаған. Ол ол ма, беттестіру кезінде Әнаруға 25 сұрақ қойылса, ал Жанқош Тұраровтан бір-ақ сауалға жауап алынған. Яғни, ол «Зорладыңыз ба?» деген сұраққа «Жоқ, өз еркімізбен болдық» деген. Сонда істі бір ауыз сөзбен қысқартып тұр. Тергеу басқа ешқандай әрекет жасамаған. Алайда, Жанқоштың жәбірленуші Әнару Құрманәліге мефедрон сатып алуға 22 мың теңгені Каспи картасына аударғаны туралы бізде скрин дәлел бар. Сосын 6 жыл бойы қызды мефедронға отырғызып, тәуелді қылып қойған. Тұраров әуел бастан кездесуге келген сайын қызға да берген, өзі де пайдаланған.

– Ал сараптаманың проктолог дәрігердің қатысуынсыз жүрдім-бардым жасалғаны туралы кеңірек айтып бересіз бе?

– Бұл туралы Әнару арыз бергенде де, беттестіру кезінде де, жауап алу кезінде де айтты. Боксшы Жанқош Тұраров күштеп, оған ойына келгенді істеген. Іс материалдарында ол деректер бар. Алайда, тергеу органы сол кезде екеуінің де қанын сараптамаға жіберіп, тексермеген.

Неге сараптама бірнеше күннен кейін және проктолог дәрігердің қатысуынсыз жасалды? Яғни сыртын ғана тексеріп, ішін тексермеген. Ол да қылмысты жасыру. Біз Әнаруды проктолог маманға апарғанда тік ішегі жыртылғаны туралы анықтама берді. Бірақ бұл кезде оқиғаның болғанына бір ай өткен еді. Мұның бәрін тәптіштеп айта бермейміз ғой. Бұл жерде қыздың абыройы да бар.

Қазір Әнару істің тоқтатылғанын біле ме, жоқ па, білмеймін. Оның жағдайы өте ауыр, депрессияда жүр. Шын мәнінде, Әнару ешкімге жала жапқан жоқ. Оны Тұраров о баста алдап, құрығына түсіріп, есін білмей жатқанда, зорлап, алты жыл бопсалап келген. Туыстарына, таныстарына абыройсыз болудан қорыққандықтан, қыз бала амалсыз оның дегеніне көніп жүрген. Тіпті, Тұраров өзі мефедрон қолданғаны былай тұрсын, Әнаруды да сол синтетикалық есірткіге тәуелді етіп қойған. Соның салдарынан қыздың көзі де көрмей қалған. Ең сорақысы, біз есірткі туралы зерттеуді талап етіп, арызданған соң Тұраров екі айдан кейін «қанында есірткі жоқ» деген анықтама апарып берген. Әрине, тамызда қолданған есірткі қаннан қазан айында анықталмайтыны анық.

– Ендігі әрекеттеріңіз қалай өрбиді?

– Тергеу ісінің орынбасарымен 19 қазанда сөйлесіп, «Тергеу мерзімі бітеді. Қалай болады? Істі қысқарта саласыздар ма? Мерзімді ұзарту туралы қаулы шығармайсыздар ма?» дегенімде ол: «Тергеуді тоқтатып жатыр деп кім айтты?», – деген еді. «Онда ұзарту туралы қаулыны жібересіз бе?» дегенде, «Қазір жіберем» деді. Содан хабар болмады. Бұлар не сараптама қорытындысы шыққанын да айтпады. Істі прокуратураға жолдай салған. Тараптарға неге таныстырмайды? Сонда іс нәтижесімен хабардар етпей тұрып, өздері прокуратураға жіберіп отыр. Бұдан шығатын түйін – әу бастан-ақ істі тоқтату болған. Ақырында тергеудің өзі осылай заңды белден басып отыр. Жәбірленуші тараптың іспен танысу, шағым беру құқығы қайда қалды?

Біз әлгінде айтқанымның бәрін шағымға қосып, Бас прокуратураға жібереміз. Тергеу органының үстінен Қылмыстық кодекстің 433-бабымен, яғни қылмысты қасақана жасыру бойынша арыз жазамыз. Мұнымен қоса Жанқош Тұраровтың әйелінің үстінен БАҚ беттерінде жалған ақпарат таратып, адамның ар-намысына нұқсан келтіргені үшін де арыз түсіреміз.