Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы кім болуы мүмкін?
Белал Мухаммадқа қарсы чемпиондық жекпе-жегі кейінге қалған Шавкат Рахмонов жаңа қарсыласын күтуде. Қазақстандық жауынгер желтоқсанда Иэн Машадо Гэрри, Камару Усман, Джек Делла Маддалена және Леон Эдвардс секілді файтерлермен кездесуі мүмкін, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадқа қарсы Лас-Вегаста UFC 310 турнирінде кездесу өткізбекпші болған. Алайда Белал Мухаммад аяғына инфекция жұқтырып алуына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Сондықтан UFC Шавкатқа басқа қарсыластарды іздеп жатыр. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі қазақ жауынгерінің келесі қарсыласы кім болатынын болжап көрді.
Иэн Машадо Гэрри
Ирландиялық Иэн Машадо Гэрри – Cage Warriors ұйымының бұрынғы чемпионы және UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде 7-орында тұр. Иэн Гэрри (14-0) 29 маусымда Майкл Пейджбен UFC 303 турнирінде кездесіп, жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ ол Шавкат пен Белал арасындағы жекпе-жек өтпейтіні туралы ақпаратты естісімен, Instagram желісіндегі ресми парақшасында: "Кез келген уақытта, кез келген жерде", - деп жазып, Шавкат екеуінің фотосын жариялады.
Камару Усман
Камару Усман – UFC-дің жартылай орта салмақтағы экс-чемпионы және ең тәжірибелі спортшылардың бірі. Бірақ Камару Усман (20-4) өзінің соңғы 3 жекпе-жегінде жеңіліс тапқан болатын. Соңғы рет 2023 жылдың 21 қазанында Хамзат Чимаевқа төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіліс тапқан болатын. Сонда да жартылай орта салмақтағы рейтингтің 2-сатысында орналасқан.
Джек Делла Маддалена
Аустралиялық Джек Делла Маддалена – UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде 4-орынды иемденіп тұр. Джек Делла Маддалена (17-2) соңғы 9 жекпе-жегінде жеңіске жеткен.
Леон Эдвардс
Жартылай орта салмақтағы экс-чемпион Леон Эдвардс (22-4) өз дивизионының көшбасшысы Белал Мухаммадтан кейінгі орынға орналасқан. Ол биыл 27 шілдеде Белал Мухаммадтан төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіліс тапқан болатын. Сонымен қатар ол Камару Усманды 2 мәрте жеңіп, титулды иеленіп, кейіннен оны сәтті қорғап та шыққан.