Бибісара Асаубаева Гран-при турнирінде көшбасшылар қатарында келеді
Шымкентте 2024/25 маусымының әйелдер арасындағы FIDE Гран-приінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бес турдың нәтижесінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева турнир кестесінің 2-орнында келеді, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Бибісара 5-турда тәжірибелі үндістандық шахматшы Хампи Конеруді жеңді. Бұл Бибісара Асаубаева үшін аталмыш турнирдегі екінші жеңісі болды, бұған дейін ол болгариялық Нургюл Салимовадан да айласын асырған еді. Сондай-ақ Бибісара ресейлік Александра Горячкинамен, грекиялық Ставрула Цолакидумен және германиялық Элизабет Петцпен кездесіп, тең түскен болатын.
Қазіргі уақытта Бибісара Асаубаева 5 турдан кейін 3,5 ұпай жинап, турнир кестесінің 2-сатысына жайғасқан. Оны 4 ұпаймен ресейлік гроссмейстер Александра Горячкина басып озып тұр, ал үшінші орынды 3 ұпаймен Хампи Конеру иеленген.
Айта кетейік, 6-турда Бибісара Асаубаева тәжірибелі ресейлік шахматшы Екатерина Лагномен кездеседі.