Бокс федерациясының президенті боксшылардың сыйақылары туралы айтты
Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп қазақстандық жас боксшылардың әлем чемпионатындағы жетістігі туралы айтып, оларға берілетін сыйақы жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 6 алтын, 1 күміс, 10 қола медаль жеңіп алған еді. Осы көрсеткішпен команда жалпы есепте 1-орынға ие болып, бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Cондай-ақ АҚШ-та World Boxing ұйымдастыруымен өткен алғашқы әлем чемпионатында екі қазақстандық жас боксшы күміс жүлдені қоржынға салды.
Федерация президенті боксшылар тарихи жетістікке жеткендіктен, оларға берілетін ақшалай сыйақыны көбейту жоспарланып отырғанын айтты.
Жақында бір жиын жасап, боксшыларға федерация тарапынан ақшалай сыйлық табыстаймыз. Бізде ереже бойынша, бірінші орынға 3 млн, екінші орынға 1,5 млн, ал үшінші орынға қателеспесем 1 млн теңге беріледі. Бірақ қазір ақылдасып жатырмыз, бұл соммалар көбейеді. Өйткені тарихи нәтиже тіркеліп отыр, ұл-қыздарымыз бірнеше рет әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіретті, - деді Шахмұрат Мүтәліп.
Дереккөз: KAZ.NUR.KZ.