«Mazmundama» баспасы ғылыми-фантастикалық кітаптың тұсаукесерін өткізді

2024 жылдың 5 қарашасында Астана қаласында Дэниел Киздің әйгілі «Алжернонға арналған гүл» романының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті.

Бұл қазақ тіліне аударылған ғылыми-фантастикалық жанрдағы алғашқы кітап. Кітаптің аудармасымен айналысыр, қазақ оқырманға ұсынған – Дәурен Берікқажыұлы, ал басып шығарған – Шыңғыс Мұқанның «Мазмұндама» баспасы. 

«Алжернонға арналған гүл» романы – әлемге танымал классикалық туындылардың бірі. Оқиға желісі интеллект деңгейін көтеру мақсатында тәжірибе жасалған Чарли Гордон есімді кейіпкердің өмірін баяндайды. Қарапайым жұмысшыдан данышпанға дейінгі жолды басып өткен Чарлидің өмірі қоғамның түрлі қырларын көрсетіп, адамгершілік, білім, ғылым және этика мәселелерін қозғайды. Бұл кітап әлемнің 60 тіліне аударылып, талай оқырманды баурап алған.

Тұсаукесерге қазақ мәдениеті мен білім саласына үлес қосып жүрген жазушы Перизат Мырзахмет, баспагер Шыңғыс Мұқан, ALLUR компаниясының өкілі Айгүл Ахметова және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар кітаптың қазақ әдебиеті мен білім саласына қосар маңызы туралы ой тарқатты. 

«Біз мемлекеттің тапсырысымен емес, халықтың сұранысы бойынша кітап аударып жүрміз. Соңғы 6 жылда 500-ге жуық кітап шығарыппыз. Оның ішінде басым көпшілігі шетел әдебиетінен аударылған кітаптар. Биылдың өзінде 150-ге жуық жаңа кітап аударып шығардық… «Алжернонға арналған гүл» кітабы – өте ерекше кітап. Бұл кітаптың авторы Дэниел Киз мырза Америкадағы ерекше балаларды оқытатын мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Сондықтан, кітаптың мазмұнында ерекше балалардың психологиясын керемет сипаттап, ашқан. Бұл кітапты біз 3 жыл бұрын зерттеп бастадық. Менің төрт балам бар. Соның бірі ерекше бала. Келіншегім бір күні осы кітаптың орысшасын оқып, жылап алды. Меннен осы кітапты қазақ тіліне аударуымызды өтінді. Кейін, біз Дэниел Киздің ұрпақтарын тауып, келіссөз жасап, рұқсат алып, бұл кітапты қазақ тіліне аудару құқығына ие болдық»,- деді «Mazmundama» баспасының директоры Шыңғыс Мұқан. 


«Алжернонға арналған гүл» кітабының тұсаукесері тек әдебиетсүйер қауым үшін ғана емес, жалпы оқырманға үлкен рухани олжа болды. Аударма мен баспагерлік іс осылайша ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бір бөлігіне айналуда. Кітаптың жарық көруі қазақ тіліндегі сапалы әдебиетке деген сұраныстың артып келе жатқанын және халықаралық шығармаларды ана тілімізде оқу мүмкіндігінің кеңейіп жатқанын көрсетті.

«Ерекше адамдар жалпы бізден артық. Біз физикалық түрде сау болғанымызбен, ақыл-есіміз ауру. Біздің қоғамда «маған қатысы жоқ» деген түсінік болмау керек. Қазір әр кітапханада инклюзивті ортаға арналған арнайы оқу залдары бар. Біздің Ұлттық кітапханамызда ерекше балаларға арналған ағылшын тілі клубы жұмыс істейді. Сондықтан, бұл кітаптың қазақ тіліне аударылуы – үлкен қозғалысты тудырады деп ойлаймын. Бұл кітапты аударуға ұсыныс жасаған және аударма барысында ат салысқан әр маманға мың алғыс айтамын»,- деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген. 

Кітапқа деген қызығушылықтың жоғары болуы қазақ оқырманының әлемдік әдебиетті бағалай білетінін және қазақ тіліне аударылған туындылардың мәдениетке, білімге қосар үлесін дәлелдейді. Алдағы уақытта «Мазмұндама» баспасы ұсынатын жаңа аударма шығармалар да қоғамға пайдалы дүние болмақ деген үміттеміз.

 

    Көп оқылды: