Тұла бойы тұнған жауынгер – қазақ футболының ардагері Фото ашық дереккөзден

Болат Есмағамбетов қазақстандық қорғаушы туралы пікір білдірді

Қазақ футболының ардагері Болат Есмағамбетов Sports.kz порталына берген сұқбатында «Зенит» футбол клубының қорғаушысы Нұралы Әліптің Ресей Суперкубогындағы жеңісі мен оның болашағы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

«Ресей Суперкубогы сарапқа салынған матчтың бірінші таймының өзінде «Зенит» барлық мәселені шешті. Алдағы маусымда клуб қайтадан чемпион атанатынына сенімдімін. «Зенит» футбол клубы уақыт өткен сайын күшейіп келеді, сондай-ақ олардың еншісіндегі бюджет қоры да еселі. Менің ойымша «Газпром» компаниясы осындай бюджеттің көмегімен он «Барселонаны» сатып ала алады. «Зенит» футбол клубы Ресейде әлі ұзақ уақыт бойы үстемдік етеді.

Ал Нұралы Әліп бұл ойында өзін жақсы жағынан көрсетті, мүлдем қателеспеді, өзіне берілген уақытты тиімді әрі жақсы өткізді. Жалпы оның ойын деңгейі жақсы. Осындай біршама мықты ойыншы жиналған құрамда өзінің орнын сақтап қалуы да үлкен ерлік. Нұралы Әліп – тұла бойы тұнған жауынгер. Оны тағы бір мәрте жеңіске жетуімен құттықтаймын», – деді қазақ футболының ардагері Болат Есмағамбетов.

Айта кетелік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Нұралы Әліп санкт-петербургтік «Зенитпен» бірге Ресей Cуперкубогын жеңіп алды. Жаңа маусымның алғашқы кубогы үшін өткен кездесуде «Зенит» ұжымы «Краснодар» командасын 4:2 есебімен жеңген болатын.

    Көп оқылды: