Атыраулық Ерік Шыныбеков жұбайы және үш баласымен Парижде өтетін Олимпиада ойындарына автокөлікпен аттанды
Бұл саяхатқа Шыныбековтер отбасы алты ай бойы дайындалған. Жолға керек-жарағын дайындап, жол маршрутын сызып, шығынын есептеп, 14 шілдеде жолға шығып кетті. Олар "Атырау – Париж – Атырау" саяхатын бір айда бағындырамыз деп отыр.
"Отбасымызбен Олимпиада ойындарына барып, еліміздің спортшыларына қолдау білдіргіміз келеді. Қазақстанның басқа өңірлерінен бөлек төртжылдықтың басты ойындарына жолдама алғандардың ішінде атыраулықтар да бар. Сондай-ақ автотур арқылы балаларыма әлемнің керемет жерлерін көрсетіп, отбасымызбен қызықты уақыт өткізгіміз келеді. Қазір Түркия еліндеміз. Атыраудан бұл елге үш күнде жеттік", - дейді Ерік Шыныбеков.
Маршрут бойынша Шыныбековтер Грузия, Түркия, Грекия, Италия, Швейцария, Германия, Италия, Хорватия, Черногория және тағы басқа елдерді басып өтеді. Соңғы нүкте - Францияның астанасы Париж. Бұл жерде отбасы Олимпиада ойындарына жанкүйер болып, кейін автокөлікпен Атырауға қайтады. Осылайша 15 500 километрге жуық жол жүріп өтпекші.
Айта кетейік, 45 жастағы Ерік Шыныбеков 20 жылдан бері мұнай және газ саласының кәсіби менеджері. Сондай-ақ ол Atyrau nomads саяхат клубының, OqyrMAN кітап клубының, Atyrau Athletics спорт клубының және Investrument инвестиция және трейдинг клубының жетекшісі.