"Ордабасы" Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады instagram/fc__ordabasy

Қарымта кездесуде шымкенттік клуб жеңіліс тапты

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің аясында молдовалық "Петрокуб" пен шымкенттік "Ордабасы" клубтары қарымта кездесу өткізді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

"Петрокуб" пен "Ордабасы" клубтары Кишиневте жауапты кездесу өткізіп, молдовалық ұжым 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчқа сербиялық төреші Милош Миланович қазылық етті.

Ойын есебін молдовалық команда ашты. Матчтың 34-минутында "Петрокуб" клубының ойыншысы Теодор Лунгу гол соқты. Ойын соңына дейін осы есеп сақталып, екі матчтың қорытындысы бойынша "Петрокуб" командасы 1:0 есебін тіркеп, Чемпиондар лигасының келесі іріктеу кезеңіне жолдама алды

Естеріңізге сала кетейік, қос команданың Шымкентте өткен алғашқы ойыны 0:0 есебімен аяқталған еді. Чемпиондар лигасының екінші іріктеу раундында "Петрокуб" командасы кипрлік "АПОЭЛ" клубымен ойнайды.

Ал жеңіліске ұшыраған "Ордабасы" клубы Конференция лигасына түседі, онда шымкенттік команда "КИ Клаксвик" (Фарер аралдары) — "Дифферданж" (Люксембург) клубтарының жеңілгенімен кездеседі.