Бас бапкер боксшылардың қалай тамақтанатынын айтты
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен ауыр салмақта жұдырықтасатын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұқбатында Париж Олимпиадасы қарсаңында қандай тамақ тұтынатынын айтты. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Бас бапкер Мырзағали Айтжанов Олимпиадаға қазақтың ұлттық тағамдарын апаратынын айтты.
"Бұл мен аттанып бара жатқан бесінші Олимпиада. Әр Олимпиадада тамақ жағынан қиындықтар болмады. Олимпиадада бүкіл әлемнің асханасы болады, спортшылар сол жерден тамақтанады. Азияның, Американың немесе Еуропаның, жалпы алғанда барлық құрлықтың асханасын жегің келсе, сол болады. Ал бізге ет жақынырақ. Ол жақта сиырдың, қойдың, одан бөлек үйректің, қаздың еті болады. Ұлттық құрама үшін федерациямыз жігіттерге дайындаған қазы-қарта, жілік-жілік етімізді алып барамыз. Бұл бірінші олимпиада емес, біз әр үлкен жарысқа өзіміз үшін ет алып жүреміз. Неге десек, қазақтың жігіттері ет жемесе, тамақ жегендей болмайды. Сол себептен өзімізбен бірге құртымызды, қазы-қарта, жаямызды алып жүреміз", – деді Мырзағали Айтжанов.
Ал ауыр салмақта жұдырықтасатын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев тамақтануға байланысты бірқатар тыйым-шектеудің бар екенін жасырмайды.
"Ондай шектеулер бар. Спортшы формасына енген кезде иммунитеті әлсірейді. Өз-өзіңе қарап жүресің. Сол кездерде жаттығудан кейін мұздай су ішпей, салқындап қалмай, өз-өзімізді қадағалап жүреміз. Жаңа бапкерім айтып өткендей, қазы-қартамызды жеп шығамыз ғой", – деді боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.
Франция астанасы Париж қаласында өтетін Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
Байрақты бәсекеге бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады. Ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) қорғайды.
Ал әйелдер құрамасынан тұңғыш аш рет үш боксшы қатысады. Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Назым Қызайбай (50 кг) сынға түседі.