Боксшыға қатысты ХОК күтпеген мәлімдеме жасады
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) алжирлік боксшы, Олимпиада чемпионы Иман Хелифке қатысты расталмаған медициналық қорытынды бойынша түсініктеме бермейтінін айтты, себебі іс әлі күнге дейін сот қарауында тексеріліп жатыр. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі «РИА Новости» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Le Correspondant басылымы француз журналисі Джаффар Айт Аудианың мәліметіне сүйене отырып, Иман Хелифтің 2023 жылғы медициналық қорытындысына сәйкес еркекке тән белгілерге ие екенін хабарлаған болатын. Қорытындыға сәйкес, Хелифтің XY кариотипі, еркекке тән тестостерон деңгейі және альфа-5-редуктаза ферментінің жетіспеушілігі бар, сонымен қатар «тестикулалары және жатырдың болмауы» анықталған.
«Иман Хелиф Париж Олимпиадасы кезінде оның жағдайына түсініктеме берген тұлғаларға қарсы сот іс қозғады және соңғы мәліметтерге байланысты сотқа арыз дайындап жатыр. Іс қаралып жатқандықтан, ХОК расталмаған құжаттарға қатысты түсініктеме бермейді», – деп мәлімдеді ХОК.
ХОК сондай-ақ Олимпиадада бокстан өткен жарысқа қатысқан барлық спортшылардың рұқсат алу және тіркеу талаптарына, медициналық ережелерге сәйкес қатысқанын айтты. Спортшылардың жынысы мен жасы паспорт деректері негізінде анықталғанын атап өтті.
«ХОК Олимпиадаға қатысқан барлық спортшының құқықтарын Олимпиада хартиясы, этикалық кодекс және ХОК-тің адам құқықтары бағдарламасына сәйкес қорғауға міндетті. Иман Хелифтің қорлық көруі бізді алаңдатады», – деп атап өтті ХОК.
Айта кетейік, биыл Париж Олимпиадасында ХОК Хелиф пен Тайваннан келген Линь Юйтиннің әйелдер жарысына қатысуына рұқсат берген.