Танымал дзюдошының кимоносы Елдос Сметовке жеңіс сыйлады x.com/ @naohistakato

Елдос Сметов финалға жапониялық дзюдошы Такатоның кимоносын киген

Кеше, 27 шілдеде қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Отандасымыздың жеңісіне қатысты танымал дзюдошы, Олимпиада чемпионы Наохиса Такато пікір білдірді, деп Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Париж Олимпиадасында қазақтың көк туын көкке желбіреткен Елдос Сметов дзюдодан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Ал Елдос Сметовтің осы жеңісіне байланысты пікір білдіргендер қатарынан қазақстандықтың ежелгі қарсыласы, танымал дзюдошы Наохиса Такато да табылды. Такато әлеуметтік желіде Елдос Сметов финалдық белдесуге өзі сыйлаған кимононы киіп шыққанын айтты.

"Елдос, мен сыйлаған дзюдо кимоносын киіп, алтын медаль иеленді", – деп жазды дзюдошы Х желісіндегі парақшасында. 

Айта кетелік, Елдос Сметов пен Наохиса Такато 10 жыл бойы бір-біріне қарсылас болды. Олар Рио және Токио Олимпиадасында жүлдегерлер қатарынан табылған. Елдос Сметов 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс жүлдегер атанса, жапон балуаны қола жүлде алды. Ал Токиода Такато чемпион атанып, отандасымыз қола жүлдені қанағат тұтқан болатын.